Бәйдібек: аудан прокуроры Борлысай ауылдық округіндегі білім беру мекемелерінде оқушылармен кездесті

Бекітілген кестеге сәйкес аудан прокуроры Мәди Байтелиев Борлысай ауылдық округіндегі Ақтас, Борлысай және Кеңсай мектептерінде болып, ұстаздармен және оқушылармен кездесті. Жиында аталған екі мектептің директорлары күн тәртібіндегі мәселе бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады.

Аудан прокуроры Мәди Мұратбекұлы, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Сержан Сағынбаев кәмелетке толмағандардың арасындағы және оларға қарсы жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша түсіндіріп, оқушыларға заң алдындағы жауапкершілікті, құқықтық сауаттылықты арттыру қазіргі уақытта өзекті мәселе екеніне тоқталды.

Жиында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша мектеп оқушылары тарапынан сұрақтар қойылып, қолданыстағы заң аясында жауап берілді. Кездесуде оқушыларға тақырыпқа байланысты бейнероликтер көрсетілді.

Сонымен қатар аудан прокуроры Борлысай ауылдық округінің ардагерлер кеңесі мен билер алқасының мүшелерімен және тұрғындармен кездесті. Кездесуде округтегі елді мекендердегі өзекті мәселелер талқыланып, тұрғындар тарапынан бірқатар өтініштер мен ұсыныс пікірлер айтылды. Айтылған ұсыныс-пікірлер аудан прокурорының назарына алынды.

ПІКІР ЖАЗУ