“Ажырасу, алимент және сталкинг”: Бишімбаев ісін қараған Айжан Аймағановамен сұхбат

Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг, алимент мәселесі, ажырасқаннан кейінгі мүлік дауы сияқты тақырыптар жиі көтеріліп жүр. Соңғы жылдары бұл мәселелер бойынша заңнама да өзгеріп, жаңа тетіктер енгізілді. Осыған байланысты BAQ.KZ тілшісі заңгер, медиатор Айжан Аймағановамен әңгімелесті.

– Соңғы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда жиі айтылып жүр. Сіздің тәжірибеңізде мұндай істер қалай шешіліп жатыр?

– Нақты статистиканы қазір айтып бере алмаймын. Бірақ бір нәрсені анық айтуға болады: әйелдерге немесе отбасы мүшелеріне қатысты зорлық-зомбылық фактілері назардан тыс қалмайды. Егер мұндай жағдай болса, іс міндетті түрде заң аясында қаралады. Яғни қандай да бір күш көрсету, қысым көрсету фактісі анықталса, ол жазасыз қалмайды. Қазір қоғам да бұл мәселеге бұрынғыдан әлдеқайда сезімтал қарай бастады.

– Салтанат Нүкенованың ісінен кейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң нақты жұмыс істей бастады деген пікір бар. Сіз бұған қалай қарайсыз?

– Иә, белгілі бір деңгейде заңның жұмыс істей бастағанын көруге болады. Соның бір мысалы – сталкингке қатысты істер. 2023 жылдан бастап адамның соңынан қалмай қудалау, қорқыту, мазасын алу сияқты әрекеттер заңмен қарастырыла бастады. Қазірдің өзінде осы бап бойынша бірнеше сот үкімдері шықты. Бұрын мұндай жағдайлар жиі кездескенімен, нақты құқықтық жауапкершілікке тарту қиын болатын.

– Бұрын мұндай әрекеттер заңмен реттелмеді ме?

– Дәл осындай норма болмаған. Мысалы, бір адамды үнемі мазалау, артынан қалмай жүру немесе қорқыту жағдайлары нақты құқықбұзушылық ретінде қарастырылмайтын. Қазір заңда мұның бәрі нақты көрсетілген. Егер адам басқа біреудің өміріне тыныштық бермей, жүйелі түрде қысым жасаса, ол үшін жауапкершілік бар.

– Сізге адамдар көбіне қандай мәселелермен жүгінеді?

– Маған тек әйелдер ғана емес, ер адамдар да келеді. Кейде ата-аналар балаларына қатысты мәселелермен жүгінеді. Мәселелер әртүрлі болады. Мысалы отбасы ішіндегі жанжалдар,мүлікке қатысты даулар, алаяқтық жағдайлары, қаржы пирамидаларына алданып қалу. Яғни адамдардың құқықтық мәселелері өте әртүрлі.

– Ажырасу кезінде мүлікті жасырып қалу жағдайлары да кездеседі. Мұндай кезде не істеу керек?

– Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар бар. Кейбір ер адамдар ажырасу алдында мүлікті туыстарының атына жазып қоюға тырысады. Бірақ заң бойынша некеде алынған мүлік – ортақ мүлік болып есептеледі. Сондықтан ажырасқан кезде ол тең бөлінуі тиіс. Сондықтан әйелдер өз құқықтарын білуі керек. Егер отбасы кезінде бизнес, үй немесе басқа мүлік алынған болса, ол екі тарапқа да ортақ екенін ұмытпаған жөн.

– Кейбір ер адамдар табысын жасырып, алиментті аз төлеуге тырысады деген пікір бар. Мұндай жағдайда не істеуге болады?

– Мұндай жағдайлар да кездеседі. Кейде адам табысын аз көрсетіп, соған қарай алимент төлеуге тырысады. Бірақ сот кезінде адамның нақты табысы зерттеледі. Егер оның табысы көп екені анықталса, алимент мөлшері де соған сәйкес есептелуі мүмкін. Кей жағдайда сот пайызбен емес, тұрақты сомамен белгілеуі мүмкін.

– Қазір қоғамда ер адамдар әйелдерге қысым көрсетеді деген пікір жиі айтылады. Бұған қалай қарайсыз?

Қоғам өзгеріп келеді. Қазір заң алдында ер мен әйел тең. Бұл Конституцияда да нақты жазылған. Сондықтан әйелге қысым көрсету немесе оның құқығын шектеу – заңмен қудаланатын әрекет.

– Әйелдерге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – өз құқықтарыңызды білу. Көп жағдайда адамдар мәселені заң арқылы шешуге болатынын білмей жатады. Кейде қорқады, кейде үнсіз қалады. Ал егер мәселе туындаса, заңгерге жүгіну керек, сотқа шағым беруге болады. Заң бар, тетіктер бар. Ең бастысы – сол мүмкіндіктерді пайдалану.

– Маңызды ақпаратпен бөлісіп, берген кеңесініз үшін алғыс білдіремін.