Азаматтық форум ашық диалог алаңына айналды

Бүгін 11-рет өтіп ұйымдастырылған Азаматтық форум мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ашық пікір алысатын тұрақты алаңына айналды.Жаңа форматта өткен жиында маңызды тақырыптар аясында түрлі талқылаулар болды. Алқалы жиынның жастар мәселесіне арналуының өзіндік мәні бар. Шымкент қаласы тұрғындарының 32%-ы – жастар. Азаматтық форумға арнайы қатысып сөз сөйлеген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қ.Қыдырәлі:

“Еліміздегі азаматтық қоғамның қалыптасуы мен нығаюына заңнамалық негіз қаланып, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Президент тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтығын қамтамасыз етіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы Мәжілістен өтіп, Сенат талқылауына ұсынылды. Сонымен қатар, елімізде алғаш рет петиция институтын қалыптастыру туралы заң жобасы жасалды, бүгінде заң жобасы Сенат қарауында.

Сондай-ақ, «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, Мәжіліс қарауына ұсынылды. Заң бойынша бұрын қоғамдық бірлестікті құру үшін 10 адамның шешімі қажет болса, жаңа өзгерістерге сай ол 3 адамға дейін қысқарды” – деді.

Сондай-ақ министр аймақтарда мемлекеттік жастар саясатының негізгі операторлары саналатын жастар ресурстық орталықтарын нығайту қажеттігіне тоқталды. Олардың жұмысын талдау нәтижесінде қызметкерлер жалақысына, материалдық-техникалық базаның әлсіздігіне қатысты бірқатар жүйелі проблемалар анықталған. Форумдар кезінде осындай өзекті мәселелердің шешімі қарастырылды.

Осыған дейін өңірлік деңгейдегі Азаматтық форумдар Алматы қаласында, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарында өтті. Республика күніне орай қазан айында өтетін ауқымды форумға жолданатын ұсынымдар тізбесі әзірленіп, азаматтық қоғам үшін өте маңызды құжат – Азаматтық қоғамның даму тұжырымдамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі.

Айта кетейік, жастардың дамуына жағдай жасау мақсатында, жыл соңына дейін Жастар ресурстық орталықтар базасында әр өңірде «IT Hub» ашу жоспарда бар.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ