Ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің саны қысқарды
Саладағы бизнес иелерінің үштен бірі Түркістан облысында еңбек етеді. Биылғы жылдың 1 қаңтарына республикада ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 255,6 мың жеке кәсіпкер тіркелген, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,3%-ға аз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі energyprom.kz-ке сілтеме жасап. Оның ішінде кәсіпкерлердің 94,4%-ы белсенді: 241,2 мың кәсіпкер (көрсеткіш 1% төмендеді). Айта кететіні, бұл көрсеткіш 2017 жылдан бері бірінші рет қысқарған. Өңірлер бойынша сектордағы жеке кәсіпкерлердің басым бөлігі Түркістан облысында жұмыс істейді: 78,7 мың жеке кәсіпкер – бір жыл бұрынғыдан 2,9%-ға аз. Үздік үштікке Алматы (45,5 мың жеке кәсіпкер, бір жыл бұрынғыдан 2,5% аз) және Жамбыл (24,2 мың жеке кәсіпкер, бір жыл бұрынғыдан 4,1% төмен) облыстары да кірді. Елімізде ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді шаралар әзірленуде, деп хабарлаған еді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ресурсы. Бұл шаралар ауылдардың бас жоспарын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, өнімдер мен қызметтерді кепілдендірілген сатып алу мен жеңілдетілген несиелер, гранттар беруді қамтиды. 2021 жылдың үшінші тоқсанында ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын шағын кәсіпорындарда жұмыс істейтіндер саны 3,6%-ға өсіп, 75,6 мың адамды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Ақмола (13,8 мың адам), Солтүстік Қазақстан (12,7 мың адам) және Қостанай (10,2 мың адам) облыстары алдыңғы қатарда. Ал салада ең аз жұмыспен қамтылғандар Маңғыстау облысында – небәрі 618 адам.