Ауыл шаруашылығы санағы: 10 жылдық үзілістен кейінгі қорытындылар қандай?

1 тамызда Ауыл шаруашылығы санағы басталған болатын. Санақтың онлайн кезеңі қалай өтті, қандай деректер алынды және қандай қорытынды жасауға болады? Бұл туралы ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы департамент директорының орынбасары Нұржан Сәрсенбаевтан сұрадық, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңіне қанша адам/шаруашылық қатысты? Санаққа онлайн қатысу белсенділігі қандай болды?
Ауыл шаруашылығы санағы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында өтеді деп белгіленген болатын. Ол офлайн және онлайн екі кезеңнен тұрады. Алдымен онлайн кезең басталды. Ол 1 тамыз бен 31 тамыз аралығында өтті. Ол уақытта sanaq.gov.kz сайты арқылы заңды тұлғалар, яғни фермерлер, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер міндетті түрде, сондай-ақ үй шаруашылықтары өз еріктерімен өту керек болатын.
Осы 31 тамызға дейінгі көрсеткіштерді талдайтын болсақ, 247 мыңнан астам заңды тұлға, фермерлер, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлер sanaq.gov.kz сайтында өздерінің сауалнамаларын толтырды. Сондай-ақ үй шаруашылықтары бойынша көрсеткіш 328 мыңдай болды. Жалпы алғанда санақ сайтынан өткен респонденттердің жалпы саны 575 мың.
Айтып өтетін болсақ, аймақтардың ішінде Солтүстік Қазақстан облысы, Батыс Қазақстан облысы, Қостанай облыстары белсенді болды. Ал оңтүстік өңірлерде ұсақ шаруа қожалықтарының саны көп болғандықтан, олардың қамтылу деңгейі азырақ.
Жалпы алғанда осы 1 ай ішінде бюроның жоспарлаған шаруашылықтарының, яғни ауыл шаруашылық құрылымдарының 82 пайызы онлайн санақпен қамтылды. Енді қалған 18 пайызды қамту үшін арнайы комиссияның шешімімен тек қана осы заңды тұлғалар үшін санақтың онлайн өту мерзімі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды. Себебі олардың ішінде бұрын кәсіптерін ашып қойған, жүргізбей кеткен немесе уақытында жаппаған кәсіпорындар бар. Яғни тіркелімде бар, бірақ ешқандай шаруашылықпен айналыспайтындарды 20 қыркүйекке дейін әкімдіктердің көмегімен анықтап жатырмыз.
Ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңінде қандай деректер алынды? Қандай қорытындылар жасауға болады?
Жалпы санақ кезінде респонденттерден жердің көлеміне, еңбек ресурстарына, өсірілетін дақылдарға байланысты сауалнама алынды. Заңды тұлғалар мен үй шаруашылықтары үшін бөлек-бөлек екі түрлі сауалнама болды. Бұл сұрақтардың барлығының қорытындысы бізде алдын ала жарияланбайды. Тамыз айында жиналған мәліметтерді біз тек қатысушылар саны бойынша көріп отырмыз. Ал ішінара қатысқан мекемелердің толық ақпарат беріп үлгергені де бар, кейбіреулері сауалнама парағын бастап, аяқтамай кетуі мүмкін. Біз соларды қазір тексеріп жатырмыз. Яғни олардың 20 қыркүйекке дейін сауалнама парақтарын аяқтап, толықтай санақтан өтуін қадағалап жатырмыз.
Онлайн кезеңнен кейінгі офлайн кезең қалай өтеді?
Екінші кезең 20 қыркүйектен басталып, 20 қазанға дейін созылады. Офлайн кезеңде интервьюерлеріміз ауылдағы үй-үйді аралап, планшет арқылы адамдардан, үй иелерінен сауалнама алады. Яғни үйлерінде мал ұстайтын, қора-қопсысы бар немесе құс өсіретін азаматтардың мәліметтерін толтырады. Сондай-ақ бақшадағы көкөніс түрлерін, бақтарындағы алма, шие ағаштары болса, соның барлығын көрсетеді.
Атап өтерлігі, бұл ақпарат ешқандай басқа мемлекеттік органдарға таратылмайды. Яғни біз нақты бір азаматта осынша мүлік бар, осынша мал бар деген ақпаратты көрсетпейміз. Бұл тек агрегатталған күйінде, жалпылама беріледі. Осы ауылда, осы ауданда қанша мал ұстайды, шаруашылыққа арналған жер телімдерінің қандай көлемі бар деген сияқты жалпылай сандық ақпарат қана шығады. Яғни жеке адамның аты-жөні көрсетіліп, ешқандай дерек таратылмайды. Сондықтан барлық азаматтарға мәліметтерін еш қорықпай, бүкпелемей ашық түрде жариялап, интервьюерлерге хабарлауды сұраймыз.
Офлайн кезеңде интервьюерлерді жұмыспен қамту жоспары бар. 3500-дей маманды тарту қарастырылған. Бұл 3500 маман ауыл-ауылды аралап, өзінің нормативтері бойынша жұмыс істейді. Әр ауылдық мекенде қанша үйді аралап шығуы тиіс болса, сол нормативті орындауы қажет. Қазіргі таңда интервьюерлерді қабылдау жұмысы жүріп жатыр. Бұл уақытша жұмыс болғандықтан, оларды тек қана бір ай мерзімге қабылдаймыз.
Егер жұмыссыз жүрген немесе жазғы маусымнан кейін, күзде дала жұмыстарынан босаған азаматтар болса, оларды интервьюер ретінде жұмысқа шақырамыз. Ол үшін 1446 байланыс нөміріне хабарласу қажет. Онда операторлар қайда барып жүгінуге болатынын, қандай құжаттар керегін толық түсіндіріп береді.
Интервьюерлер бір айға қабылданатындықтан, ең алдымен оларға планшетпен қалай жұмыс істеп, мәліметтерді қалай толтыру керегін, азаматтармен қалай тіл табысу қажет екенін үйретеміз. Егер адамдар келісім бермеген жағдайда не істеу керектігін де көрсетеміз. Бізде арнайы онлайн сабақтар жазылған платформа бар. Онда жалпы санақтың не үшін өткізілетіні, мән-маңызы туралы барлық ақпарат берілген. Интервьюерлер осы онлайн сабақтарды өткеннен кейін тестілеуден өтеді. Егер тестілеуден сәтті өтсе, қажетті құжаттарын рәсімдеп, оларды жұмысқа қабылдаймыз.
Санақтың толық қорытындылары қашан жарияланады?
Санақ нәтижелері өңдеу біршама уақыт алады. Яғни біз оларды санақ аяқталған соң бірден жариялай алмаймыз. Алдын ала деректер биылғы желтоқсанда жариялануы тиіс.
Алынған мәліметтердің ауыл шаруашылығы саласы үшін маңызы қандай?
Бұл мәліметтердің маңызы өте зор. Бүкіл әлемде мұндай санақ түрі Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы азық-түлік шаруашылық ұйымы бар, солардың ұсынуымен 10 жылда бір рет өткізіледі.
Жиналған деректер ауыл шаруашылығының қазіргі нақты жағдайын көруге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау шараларын қалай дұрыс бағыттау керек, қай өңірге бағыттау керек, инфрақұрылым мәселесін реттеу, субсидияларды ұйымдастыру, азық-түлік қауіпсіздігі деген сияқты өте үлкен көлемді жұмыстарды жоспарлауға негіз болатын деректер жиналатын болады.
Сондықтан бұл мәліметтердің барлығы ашық әрі толық болатын болса, жаңағы мәселелер дөп шешілетін болады. Сондықтан біз барлық азаматтарды осы санаққа белсенді түрде қатысып, үйлеріне баратын интервьюерлердің сұрақтарына толықтай жауап беруге шақырамыз.