Аурухана басшысы жұмыстан босатылды

Алматыдағы ауруханалардың бірінде үш адамның АИТВ инфекциясын жұқтыру фактісі бойынша эпидемиологиялық тек­серіс аяқ­талды.

Орталық қалалық клиникалық ауруханада жағ­дайды оқшаулау жөніндегі іс-шаралар кешені паци­енттердің АИТВ инфекциясына уақытылы тестілеу және кәсіби регламенттерді сақтау арқылы жүргі­зілді. Эпидемиологиялық тексеру барысында 745 адам тексерілді, олардың ішінде 118 қан доноры және оның компоненттері, 231 медицина қызмет­кері, 396 пациент бірлесіп стационарлық ем қабыл­даған немесе осы бағыт бойынша медициналық ұйымдарға жүгінген. Барлық талдау нәтижесі – теріс.

Эпидемиологиялық зерттеу нәтижесі бойынша комиссия мүшелері үш пациенттің АИТВ жұқтыру фактісі, ең алдымен, адами фактормен, атап айт­қанда, орта медициналық персоналдың инвазивті манипуляция жүргізу кезінде операциялық рәсім­дер стандартын бұзуымен және олардың қызметіне бақылаудың болмауымен байланысты деген қоры­тындыға келді.

Санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жүйелі бұзушылықтары анықталған жоқ. 2023 жылдың 6 айында қала стационарларында 147 736 адам медициналық көмек алды, оның ішінде 14 650 пациент реанимациялық ем қабылдаған, медицина­лық көмек көрсету кезінде пациенттердің АИТВ жұқтыру фактілері анықталмаған.

Қазіргі уақытта АИТВ-инфекциясы анықталған үш пациент ЖИТС орталығына диспансерлік есепке қойылды, емдеудің жеке схемасы бойынша антиретровирустық препараттармен қамтамасыз етілді, оларға жергілікті бюджет қаражаты есебінен барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі.

Аталмыш аурухананың бас дәрігері жұмыстан шеттетілді. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков қалыптасқан жағдайды ескере отырып, комиссия қорытындысы негізінде, сондай-ақ ҚР Еңбек кодексінің 48-бабы 2-тармағының алты тармақшасы негізінде қалалық аурухананың бас дәрігері Н.Б.Та­бын­баев жұмыстан шеттетілгенін хабарлады.

ПІКІР ЖАЗУ