Ауған соғысының аяқталғанына – 35 жыл
Шымкенттегі «Абай» саябағында кеңес әскерлерінің шектеулі контингентін Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарудың 35-жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Іс-шараға Ауған соғысының, басқа да жергілікті әскери қақтығыстардың ардагерлері, Қарулы Күштердің ардагерлері, жергілікті әскери басқару органдарының басшылығы, Шымкент гарнизонының әскери қызметшілері, сондай-ақ әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері қатысты.
Митингке қатысушылар қаза тапқан жолдастарын еске алу үшін Ауған соғысының ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, сол соғыстан оралмаған жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алды. Салюттік топ үш рет қарудан аспанға оқ ату рәсімін өткізді.
Аталған жиында, кешегі сұрапыл соғыста отан үшін от кешіп, қаһармандық, ерліктің үлгісін көрсете білген ардагерлер мен жиналған жұртшылық алдында «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері» одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов пен Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев сөз сөйледі. Олар интернационалист жауынгерлерге 110 айға созылған осы қиын кезеңдегі жанқиярлық ерліктері үшін алғысын білдіріп, жастар үшін нағыз үлгі екенін және мұндай іс-шаралар жас патриоттарды тәрбиелеуде ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
Айта кетсек, Ауған жеріне интернационалдық борышын өтеу үшін 22 мың 269 қазақстандық аттанды. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тапса, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалды. Тарихқа өткен ғасырдың ең ұзақ қантөгісі ретінде енген соғысқа еліміздің үшінші мегаполисінен 700-ден аса азамат аттанып, оның ішінде 21 жерлесіміз елге қайта оралмаған.