Атырауда діни-экстермистік идеологияны насихаттаған ер адам ұсталды

Атырауда ер адам діни-экстремистік идеологияны насихаттап келген. Жергілікті полиция қызметкерлері «Таблиғи жамағат» діни-экстремистік ұйымының идеяларын таратқан күдіктіні ұстады. Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, аталған қозғалыс Үндістан және Пәкістан елінен шыққан. 

– Қозғалыстың идеологиясы азаматтық құқықтар мен міндеттерден, атап айтқанда, отбасын қамтамасыз ету, ата-анаға қамқорлық жасау, балаларды тәрбиелеу, білім алу, тұрақты жұмыс істеуден бас тартып, үздіксіз миссионерлік қызметке негізделген. Бұл қозғалыс Қазақстанда экстремистік деп танылып, дәстүрлі моральдық құндылықтарға қатер төндіретін ұйым ретінде сот арқылы тыйым салынған. Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ұсталған азаматтың мешіттерде діндар жастармен кездесіп, үйіне шақырып, экстремистік әрекеттерге тарту мақсатында «Таблиғи жамағат» идеологиясын насихаттағаны анықталды, – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. Ұсталған ер адамның тұрғылықты мекен-жайын тінту кезінде сот шешімімен тыйым салынған діни мазмұндағы кітаптар мен электронды материалдар табылған. 

– Ал, 44 жастағы күдікті бұған дейін де аталған экстремистік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін сотты болған. Қазір экстремизмді жүзеге асыруға байланысты сот шешімімен тыйым салынған діни ұйымды ұйымдастыру және оның қызметіне қатысу белгілері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүдессіне сәйкес жариялауға жатпайды, – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда көпірден секіруге оқталған 17 жасар жасөспірім құтқарылғанын жазған болатынбыз.

 

ПІКІР ЖАЗУ