Атырау облысында «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының көшпелі көрмесі өтіп жатыр

«Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығының ұйымдастыруымен Атырау облысы, Махамбет ауданы, Сарайшық ауылында орналасқан «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығында «Ордабасы көне заманнан бүгінге дейін» тақырыбында көшпелі көрме өтіп жатыр. Онда Түркістан өңірінің тарихы кеңінен таныстырылуда.

Көрменің ашылу салтанатында «Сарайшық» музей-қорығының директоры, т.ғ.д профессор Мұхтар Әбілсейіт сөз сөйлеп, көрмені ұйымдастырып отырған «Ордабасы» қорығының ұжымына алғысын білдірді. Өз кезегінде Сарайшық ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы Хадим Сисенғалиев көрмені ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар шарада «Ордабасы» тарихи-мәдени қорығының тарихи-мәдени мұраларды қорғау бөлімінің басшысы Жұмабек Ташбаев көрменің өтуіне қолдау білдірген атыраулық әріптестеріне музей басшылығы атынан ризашылықтарын жеткізді.

Көрмеде «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы қорындағы 100-ге жуық археологиялық жәдігер қойылған. Онда тамырын тереңге жайған өңірдің ескерткіштері, көне тас дәуірінен бастап, ерте қола дәуірі, Сақ, Қаңлы, Түркеш, Қарахан дәуірінің құнды жәдігерлері көрермен назарына ұсынылып жатыр. Көрме жұмысы Атырау облысында 26 қыркүйекке дейін жалғасады.

Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорығы 1993 жылы ашылған. Қазіргі таңда жалпы қорда 1500-ден астам жәдігер бар. Негізгі қор 300-ге жуық әр кезеңге қамтитын жәдігерлерден тұрады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ