Атаулы әлеуметтік көмекті кімдер және қалай алады
Биыл 1 маусымда 352 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2024 жылғы 1 маусымда 66,5 мың отбасындағы 352,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Биыл осы мақсатқа бюджеттен 60,8 млрд теңге қарастырылған.
Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
– табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% – нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
– табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 538 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2024 жылғы 1 маусымда АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 108,2 мың балаға 2,5 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
– жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және өзге де шаралар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.
Әлеуметтік топтаманы монетизациялау нәтижесінде АӘК алушы отбасыларға қосымша 2,6 млрд-тан астам теңге төленді
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға қосымша 2,6 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Бұл 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы монетизациялау арқылы көмектің заттай түрін ақшалай түрге ауыстыру арқылы қол жеткізілді.
Бұрын хабарланғандай, 2020 жылдан бастап АӘК алатын отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларына қосымша заттай түрдегі азық-түлік пен тұрмыстық жиынтықтар берілді. Олар қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар үшін жақсы қолдау болып, пандемия кезінде маңыздылығын дәлелдеді.
Кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы ұсыну кезеңінде жиынтық алатын отбасылардан көмектің осы түрін ақшалай форматқа ауыстыру, яғни баланың қажеттіліктеріне сүйене отырып, өнімді сатып алу мүмкіндігін беру туралы ұсыныстар түсті.
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл әлеуметтік топтама 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда әрбіріне 1,5 АЕК мөлшерінде қосымша ай сайынғы төлем түрінде ұсынылады (2023 жылы – 5 175 теңге). Бұл ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген балалы отбасыларды әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейту жөніндегі шаралардың бірі.
2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 2,6 млрд теңгеден астам сомаға 80,8 мың отбасындағы 150,8 мың балаға қосымша төлем тағайындалды.
Атаулы әлеуметтік көмектің қандай түрлері бар?
Отбасының не жеке адамның әлеуметтік жағдайына байланысты көмек екі түрге бөлінеді: шартсыз және шартты.
Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (не) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (не) біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
АӘК алуға кім үміткер бола алады?
АӘК жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен ҚР халқының келесі санаттарына тағайындалады. Олар:
ҚР азаматтары;
ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар;
босқындар;
қандастар.
Шартсыз ақшалай көмек кімдерге көрсетіледі?
- Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті немесе жалғыз тұратын аз қамтылған адамдарға:
зейнеткерлік жасқа жетуімен;
І немесе ІІ топтағы мүгедектік;
екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін аурудың болуы.
- Құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, І немесе ІІ топтағы мүгедекке, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетіледі.
Шартсыз ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Шартты ақшалай көмек жалғызілікті не жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар табысы аз отбасыларға, оның ішінде бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға, ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда, ай сайынғы немесе біржолғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетіледі.
Еңбекке қабілетті отбасы мүшесі үшін қандай жеңілдік қарастырылған?
Еңбекке қабілетті мүше үшін белгілі бір жеңілдіктер бар: оған жұмыс табуға, білім алуға немесе өз ісін ашуға көмектеседі.
АӘК қалай есептеледі?
Атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінің мөлшері арасындағы айырма түрінде есептеледі. Жан басына шаққандағы орташа табыс – бұл отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі. Кедейлік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% мөлшерінде белгіленген. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептік кезеңде алынған табыстың барлық түрі ескеріледі, оның ішінде:
еңбекақы, әлеуметтік төлемдер түрінде алынатын табыстар;
“Неке және отбасы туралы” 2011 жылғы 26 желтоқсандағы ҚР кодексінде көрсетілген балаларға және тұлғаларға алимент түріндегі табыс;
жеке қосалқы шаруашылықтан (мал мен құсты ұстауды, бағбандықты, бағбандықты қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан) түсетін кірістер;
кәсіпкерлік қызметтен түсетін кірістер;
жылжымайтын мүлікті және көлік құралдарын жалға беруден және сатудан түскен кірістер;
бағалы қағаздардан түсетін кірістер;
жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын және басқа да мүлікті сыйға тарту, мұраға қалдыру түрінде алынған табыс;
кредитті пайдаланудан түскен кірістер;
өтеусіз алынған ақша түріндегі кірістер;
ақшалай салымдар мен депозиттер бойынша сыйақылар түріндегі кірістер;
ақша аударымдары түріндегі кірістер;
конкурстарда, жарыстарда, фестивальдарда, лотереялар, салымдар мен борыштық бағалы қағаздар бойынша қоса алғанда ұтыс ойындары бойынша алынған заттай және ақшалай түрдегі ұтыстар түріндегі кірістер;
құрамында 4 және одан да көп балалары бар көп балалы отбасыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;
бағдарлама шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға қатысушыларға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне) біржолғы төлемді қоспағанда, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысудан алынған кірістер;
тұрғын үй заңнамасында белгіленген тәртіппен қарыз бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабуға арналған тұрғын үй сертификаттарының сомасы;
қаржыландыру көзіне қарамастан интерндерге, магистранттарға, докторанттарға, резидентура тыңдаушыларына және оқу орындарының басқа да тыңдаушыларына төленетін стипендиялар және басқалар.