Ата-ана назарына: ІІМ жол апаттарының алдын алу туралы ролик жариялады
Ішкі істер министрлігі жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру қажеттігіне тағы да назар аударды. Жыл басынан бері елімізде балалардың қатысуымен 3,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы болған, онда 165 кәмелетке толмаған бала қаза тауып, 4 мыңнан астамы жарақат алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолдағы қауіпсіздік көбінесе көлік жүргізу тәртібіне байланысты. Жол апаттарының себептері келесідей болуы мүмкін:
– Көлік тізгінін кәмелетке толмағандарға немесе көлік құралын басқаруға құқығы жоқ басқа адамдарға беру. Бұл жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзуға жатады.
– Жылдамдықты арттыру. Белгіленген жылдамдықты сақтамау апаттың болу ықтималдығын арттырады.
– Мас күйде көлік жүргізу. Алкогольді немесе есірткіні қолдану жүргізушінің реакциясын төмендетеді.
– Жол жүрісі қағидаларын бұзу. Бағдаршамдарды, жол белгілерін елемеу, басып озу ережелерін сақтамау қайғылы жағдайға әкеп соғады.
– Жүргізушінің назарын аулау. Ұялы телефонды пайдалану және басқа да алаңдататын жағдайлар жүргізушіге кедергі келтіріп,оқыс оқиғаға себеп болуы мүмкін.
Полиция азаматтарды жолда мұқият және жауапты болуға шақырады. Жүргізушілер жол ережелерін қатаң сақтауы керек.
– Тек бірлесіп қана біз елеулі нәтижелерге қол жеткізіп, қайғылы оқиғалардың алдын аламыз, – деп атап өтті ІІМ.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/ata-ana-nazaryna-iim-zhol-apattarynyng-aldyn-alu-turaly-rolik-zhariyalady/?fbclid=IwY2xjawFNdpdleHRuA2FlbQIxMQABHftp9Hjiq4nvRPOjHniXQDkO2ZA8HakVotCpnLcS4OQrCmkcDGVs8zgO6A_aem_S0WhTe8e4sGws5o8tH_gSw