Астанаға көшіп келетін халық санына шектеу болмайды

 Астана халқының саны жыл санап артып келеді. Тұрғын саны көбейген сайын баспана мен әлеуметтік нысандарға да сұраныс еселеп өсетіні түсінікті. Оның үстіне, елорданы жайлы қалаға айналдыру мәселесі тағы бар. «Әкімге сұрақ» айдарында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектен сұхбат құрдық.

– Жеңіс Махмудұлы, әңгімені құрылыс саласынан бастасақ. Әкімдік тұрғын үй кешендерінің орнына әлеуметтік нысандар салуды қолға алды. Қай аудандарда, қандай әлеуметтік нысандар салынады? 

– Өткен жылы жұртшылық наразылық білдіріп, жедел шешімді талап еткен 20-дан астам объект болды. Соған сәйкес қала жоспарына өзгерістер енгізіліп, барлық шешім тұрғындардың пікірі ескеріле отырып қабылданды. Тығыз құрылыс объектілеріне қатысты оң шешімдер бар. Осылайша 20 тұрғын үй кешенінің орнына әлеуметтік нысандар тұрғызылатын болды. Атап айтқанда, мектеп, білім беру орталықтары мен денсаулық сақтау мекемелері сияқты 8 әлеуметтік объект және 9 қоғамдық кеңістік (3 мектеп, 2 білім орталығы, 8 сквер, 1 саябақ және 3 әлеуметтік нысан) құрылысы жоспарланып отыр.

– Елордада жұмысына салғырт қарайтын құрылыс компанияларының «қара тізімі» бар. Бұл ретте туындаған проблема қалай шешіліп жатыр? Олардың «қара тізімнен» шығу мүмкіндігі бар ма? 

– Бүгінгі таңда елордада рұқсат алмай, тиісті құжатсыз салынған 40-тан астам көп пәтерлі тұрғын үй анықталды. Жауапты мердігер компанияларға жұмыстарын тоқтату туралы ұйғарым беріліп, аталған субъектілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, 6 нысан бойынша қылмыстық іс қозғалды.

2023 жылы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұруға және бұзуға 115 талап арыз жолдаған, оның ішінде:

  • 6 талап арыз сотта қаралып жатыр
  • 23 талап бойынша ұйғарым талаптарының орындалуына байланысты талап күшін жойды
  • 86 талап арыз қанағаттандырылды
  • 74 сот шешімі Астана қаласының Әділет департаментінің қарауында.

Бұдан бөлек, қалада Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңы талаптарының сақталуы бойынша бірқатар мәселе бар. Сонымен қатар, азаматтарды ақпараттандыру мен заң бұзушылыққа жол бермеу мақсатында әкімдіктің ресми ресурстарында және БАҚ-та үлескерлерден ақша жинауға құқығы жоқ құрылыс компаниялардың «қара тізімі» жүйелі түрде жарияланады.

Құрылыс компаниялары Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңының 7-бабына сәйкес үлескерлердің қаражатын тарта алады. Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу мына тәсілдер бойынша жүзеге асырылады:

  1. Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторынан кепілдік алу;
  2. Екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу;
  3. Тұрғын үйдің (ғимараттың) қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын тарту.

Ескеретін жайт, тұрғын үйлерді (ғимараттарды) тұрғызу үшін жеке және заңды тұлғалардың қаржысын осы бапта көзделмеген өзге де тәсілдермен тартуға тыйым салынады. Қолданыстағы заңды бұзып келісімшарт жасалған жағдайда, Астана қалалық орта сапасы және бақылау басқармасына хабарлануы тиіс.

Құрылыс компаниялары қолданыстағы заң аясында талап етілетін құжаттар мен талаптарды ретке келтірген жағдайда ғана әрі қарай жұмысын жалғастыруға құқылы.

– Құрылысы ұзаққа созылып, әлі де аяқталмаған тұрғын үй кешендері туралы айтып өтсеңіз…

– Әрбір көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің өзіндік тарихы бар. Мәселен, бір жерде үйдің жақтауы ғана көтерілсе, тағы бір жерде тек шұңқыры ғана қазылған. Кейбір құрылыс салушылар бір пәтерді 3-4 адамға сатқан сәттер де кездесті. Сол сияқты автотұрақтың пәтер ретінде сатылған кездері де болды, ал енді бір жерде мүлдем жоспарда жоқ пәтер сатылған.

Мемлекет басшысының қолдауымен құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау бойынша ауқымды жүйелі жұмыс атқарылды. Үйлерге техникалық тексеру, қаржылық және техникалық аудиттер жүргізілді, инвесторлар да жұмылдырылды.

Осылайша, екі жыл ішінде құрылысы ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешені аяқталды. Бұл 15,5 мыңға жуық үлескер отбасының қиындығын шешуге мүмкіндік берді. Олардың арасында құрылысы шамамен 20 жыл бұрын басталған үйлер де бар. Мысалы, өткен айда 11 жылға созылған нысан құрылысы аяқталды. «Future home» көп пәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Үлескерлер – 200-ге жуық отбасы. Нысанды ЕҚК-ге беру кезінде 4 және 7 қабаттары ғана салынған. Бұл үйдің құрылысын аяқтау үшін көптеген жүйелі шара, оның ішінде инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізілді.

Биылға құрылысы ұзаққа созылған 10 үй қалды. Олардың құрылысын осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқтаймыз. Әрбір нысан бойынша қадамдық іс-шаралар жоспары бар.

– Ал LRT құрылысы қалай жүріп жатыр? Қашан аяқталады?

– Осыған дейін де айтқанымдай, биыл эстакада бөлігі, яғни бетон жұмысы толығымен аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Эстакада толығымен көтеріледі. Келесі жылғы меже – жоғарғы құрылымды аяқтау, яғни рельстерді орнату. Сонымен қатар, биыл станциялардың бір бөлігі де аяқталады. Пойыздар мен жабдықтарға тапсырыс беру жұмысы да жүріп жатыр.

– Елорда халқы көбейген сайын әлеуметтік нысандар ғана емес, кадр тапшылығы да сезіліп жатыр, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлері жетіспейді. Оқу орындарына гранттар бөлмен мәселе шешіле ме? Кадрмен қамтудың тағы қандай әдіс-тәсілдері бар?

– Иә, Астана тұрғындары санының қарқынды өсуіне байланысты әлеуметтік нысандарға да сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде сол жерлерде жұмыс істейтін мамандарға деген қажеттілікті туындатады. Әкімдік тарапынан кадрлық қажеттілікті қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 1 мыңнан аса оқу гранты бөлінеді. Соның ішінде өздеріңіз атап өткендей, медицина, педагогика және тағы басқа салалар бар. Жалпы жыл сайын білім, медицина салалары бойынша 1 мыңға жуық маман қажет. Осыған орай, биыл 1 140 білім грантын бөлуді қарастырып отырмыз.

Білім беру саласы бойынша түлектердің 80%-дан астамы жұмысқа орналастырылса, қалғаны магистратурада білімін жалғастырып жатыр және бала күтіміне байланысты демалыста. 2022-2023 жылдары жергілікті бюджеттен қаржыландырылған 246 резидент медициналық ұйымдарға жұмысқа орналастырылды.

– Қалада автобус та тапшы. Сондай-ақ кептеліс мәселесі қалай реттелмек?

– Қоғамдық көлікке келсек, өткен жылы қала бойынша тәулігіне 900 автобус жүріп тұрды. Биыл олардың саны 1 300-ге жетті, яғни кезең-кезеңімен 400 жаңа автобус жеткіздік. Бірақ қалада әлі де автобус тапшылығы бар.

Негізі, 1,4-1,5 миллион тұрғын үшін автобустар саны 2 мыңнан асуы керек. Биыл біз автопаркті кеңейтуді жоспарлап отырмыз – қалаға тағы 300 автобус жеткізіледі. Бұл қоғамдық көліктің жұмысын едәуір жақсартуға, оның ішінде жаңа маршруттарды іске қосуға мүмкіндік береді.

Көлік кептелісіне келетін болсақ, қалада 400 мыңға жуық автомобиль бар. Күн сайын облыстан қалаға қосымша 90 мыңға жуық автомобиль кіріп-шығады.

Жол-көлік желісін жүйелі дамыту үшін біз көпірлерді, көлік айрықтарын, жаңа көшелер салу, жолдарды жөндеу бойынша жүйелі негізде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселен, қарбалас уақытта көлік көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдары, Сарайшық және Қонаев көшелері. Өткен жылы қазан айының соңында Тәуелсіздік даңғылындағы жаңа көпір арқылы қозғалыс ашылғаннан кейін мәселе ішінара шешілді. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Р. Қошқарбаев даңғылы, Ж. Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, А. Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Б. Момышұлы даңғылы және тағы басқа көшелерді қосымша байланыспен қамтамасыз етеді.

2022 жылы Ұлы дала даңғылының бойында ашылған көпір де Мәңгілік ел, Р. Қошқарбаев даңғылдарында, А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов көшелерінде, Nova city ауданында, «Мыңжылдық» аллеясында көлік ағынын азайтты, сол сияқты «Нұрлы жол» жаңа вокзалына, «Телман» және «Промышленный» елді мекендеріне, Метро гипермаркетіне, М. Жұмабаев даңғылына, Т. Жүргенов көшесіне жылдам жету мүмкіндігі артты.

Биыл Қабанбай батыр даңғылының Тәуелсіздік даңғылына дейінгі жалғасын салуды бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей-Жәнібек хандар және Ш. Айтматов көшелерінде көлік ағынын сейілтеді.

Келер жылы Кенесары көшесінің бойында (KAZGUU университеті ауданында) Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің құрылысын бастаймыз.

Осы аталған шаралардың бәрі, оның ішінде көшелер салу және жөндеу, ақылды бағдаршамдар, автобус желілерін орнату қаланың көлік желісін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді.

– Мәслихат депутаттары «қала созыла беретін резеңке емес» дегендей пікір айтты. Осы орайда, Астанаға арман қуып келушілерге шектеу қою жағы қарастырыла ма? Болашаққа болжам қандай?

– Басқа өңірлерден халық көшіп келіп жатса, оған ешқандай шектеу болмайды. Қала тұрғындарының саны күн санап өсіп жатыр. Басқа өңірлерден келген азаматтарды қабылдау үшін Астанада сапалы инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандардың санын арттырып, талапқа сай ету қажет. Аталған бағытта бірқатар жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Кейінгі жылдары елордада бұзақылық әрекеттері көбейіп кетті, әсіресе қоғам мүлкіне залал келтіретіндер азаймай тұр. Тәртіп сақшылары бейнебақылаудың көмегімен ондайларды тез арада тауып жатыр. Бұзақыларды 15 тәулікке қамау мен айыппұл салу арқылы тыюдан басқа жол бар ма?

– Елордада вандализммен күресу және алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Қала бойынша 2 500-ден астам тәртіп сақшысы күнделікті кезекшілік пен мониторинг жасайды. Полицейлер қаладағы жедел немесе төтенше жағдайды тұрақтандыруға, қоғамдық орындар мен көшедегі тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдастырушылық-практикалық іс-шараларды жүзеге асырады. Полиция департаментінің ақпаратына сәйкес, 2023 жылы қалада 181 бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактісі тіркелген.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері, белсенді тұрғындар және еріктілермен бірлесіп, қаламыздағы білім мекемелерінде вандализмге қарсы күрес туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алу шаралары бағытында жүйелі кездесулер өткізіледі. Одан бөлек, ақпараттық насихат жұмыстары да қолға алынып, белгілі қоғам қайраткерлері құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен және еріктілермен бірлесіп «Тоқта, вандал» акциясы аясында аудандар бойынша тұрақты негізде түнгі рейдтер ұйымдастырады.

– Көктемде қар еріп, жаңбыр жауғанда қала көшелері көлге айналатыны – жыл сайын қайталанатын көрініс. Астана тұрғындарын әуреге салатын бұл мәселе қалай шешімін таппақ? 

– Қалада су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жыл басынан бері 15,5 мың метрге жуық арық-науа желісі, 600-ге жуық бақылау және жаңбыр құдығы тазартылды және 160 метр коллектор жуылды. Коммуналдық қызметтер шамамен 4,7 млн текше метрден астам қар шығарды. Қалада су тасқыны қаупі бар учаскелер саны өткен жылдармен салыстырғанда 20-ға азайды. Азаматтық қорғау органдары, коммуналдық қызметтер және жауапты мекемелермен тұрақты дайындық жүргізілді.

Су тасқыны қаупі бар учаскелер мен елді мекендерде қарды уақытылы күреуге бақылау, су құбырларын тазалау және нөсер кәрізінің жүйесін салу ерекше назарда.

2023 жылға арналған инженерлік жұмыстар жоспарына сәйкес «Байқоңыр» ауданының әкімдігі «Өндіріс» тұрғын алабында 1600 метр арық-науа желісін салды. Жаңбырға арналған 2 құдық (Чехов және Ырыс көшелерінің қиылысында) қойылды, сондай-ақ Алматы ауданының әкімдігі 15 учаскеде су бұру желісін құрды, ал Сарыарқа ауданының әкімдігі 17 көшеде 40 дренаждық құдық орнатып, науаларды жабдықтады.

Мүдделі мемлекеттік органдардың және жасақталған топтардың күші мен дайындығы «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы шеңберінде тексерілді.

– Биыл Астанада ел көлеміндегі және халықаралық деңгейдегі қандай айтулы іс-шаралар (әлеуметтік, мәдени, спорттық) жоспарланып отыр?

– Жоспар нақтыланып, пысықталып жатыр. Жалпы биылға Астана халықаралық форумы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, тағы сол сияқты спорттық, мәдени халықаралық деңгейдегі іс-шаралар қарастырылған.

– Жеңіс Махмудұлы, сізде бос уақыт бола ма? Болса қалай өткізесіз? Спортпен шұғылданасыз ба? 

Жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты көп бос уақыт бола бермейді. Алайда бос уақыт болған жағдайда футбол және шаңғы тебу сынды спорт түрлерімен айналысуға тырысамын.

ПІКІР ЖАЗУ