Астанада үш кассациялық сот құру ұсынылды
Мәжілістің жалпы отырысында сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша құжат бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ кассациялық сатыны жетілдіру мәселесін көтеріп, заң жобасының негізгі новелласын таныстырды.
Сот ісін жүргізу мәселесі ең өткір, күрделі және өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр сот сатысы жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Кассацияның бүгінгі моделі азаматтар мен заң қоғамдастығы өкілдері тарапынан елеулі сынға ұшырап отыр, – деді депутат.
Шапақтың айтуынша, азаматтық және қылмыстық iстер бойынша кассациялық өтiнiшхаттарды алдын ала қараудың тәртiбi мен шарттары әртүрлi.
Азаматтық істер бойынша судья азаматтардың өтінішхаттарын алқалы қарауға беру туралы шешім қабылдайды. Қылмыстық істер бойынша тек 2023 жылдың шілдесінен бастап кассациялық өтінішхаттарды алқалы алдын ала қарауға көшу жүзеге асырылды.
Бірақ бұл тәртіп де жетілдірілмеген, себебі бір “үштік” судьяларды тапсырады, ал екінші “үштік” судьялар істі мәні бойынша қайта қарайды және өз әріптестерін қолдамауы мүмкін, бұл процеске қатысушылардың наразылығын тудырады. Мұндай шағымдар тек әкімшілік әділет бойынша жоқ, өйткені “жаппай кассация” жұмыс істейді, – деп айтты Үнзила Шапақ.
Заң жобасы бастапқыда Жоғарғы Сотта қылмыстық және азаматтық істер бойынша істерді алдын ала қарауды алып тастауды ұсынды.
Барлығы “жаппай кассация” қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс, яғни істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жоғарғы Сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша консультациялар раундын, яғни кездесулер өткізді. Қорытындылары бойынша дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды. Сөз елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша 3 кассациялық сот құру туралы болып отыр, – деп түсіндірді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.