Астанада мәслихат депутаттары мен «Жасыл ел» жастары тазалық акциясын өткізді
«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында қалалық мәслихат депутаттары мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары Президент саябағында тазалық жұмысын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы бастамасымен өткен экожиынға «Жасыл ел» жауынгерлері қатысты. Олар мәслихат депутаттарымен бірге жасыл желектерді суарды.
«Бүгінгі іс-шара «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясы аясында өтіп жатыр. Экоакцияны қалалық мәслихат депутаттары мен «Жасыл ел» ХХ маусымының жауынгері қолдап отыр. Жалпы бұл әр маусым сайын атқарылып келе жатқан жұмыс деп айтуға болады. «Жасыл ел» жобасы аясында елордада биыл 14-35 жас аралығындағы 4200-ден астам жас жұмыспен қамтылып отыр», – дейді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев.
Елордалық 8-сынып оқушысы Дария Сыздықованың сөзінше, жоба жазғы демалысты пайдалы өткізуге мүмкіндік береді.
«Мен №68 мектеп гимназиясында оқимын. «Жасыл ел» жобасына алғаш рет қатысып тұрмын. Біз күніне 4 сағат абаттандыру және тазалық жұмысын жүргіземіз. Жазғы демалысты тиімді өткізіп жатырмыз деп ойлаймын. Келесі жылы да еңбек жасағы қатарында болу ойда бар», – дейді елордалық оқушы.
Айта кетейік, елордада «Жасыл ел» жобасы тамыз айының соңына дейін жалғасады.