Астанада қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр?

 Астана әкімдігінде Жеңіс Қасымбектің басшылығымен өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті. Онда елордада отандық және шетелдік инвестициялық жобалардың қазіргі мәртебесі бойынша мәселелер қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Видеоконференция форматында талқылауға ірі шетелдік инвесторлар қатысты: түрік компаниясы Tiryaki, Катар холдингі Power International Holding, араб компаниялары International Community Schools Ltd және Sabis, австриялық LASSELSBERGER компаниясы, ресейлік WILDBERRIES және Ozon ірі логистикалық компаниялары.

Мысалы, денсаулық сақтау саласында «Power International Holding»катарлық инвестициялық холдингі Cynosure компаниясымен бірлесіп елордада медициналық хаб салу жобасын іске асыруда. Жоба 2 кезеңде жүзеге асырылады. Біріншісі – 196 млн АҚШ доллары (88 млрд теңге) жеке инвестиция сомасына 50 төсек-орынға арналған медициналық орталық салу. Екінші кезең – шамамен 360 млн АҚШ доллары (160 млрд теңге) инвестиция сомасына медициналық хаб құруды көздейді.

Сондай-ақ отырысқа «Sabis» және «International Community Schools Ltd» халықаралық мектептерінің құрылысы бойынша жобаларды іске асыратын шетелдік инвесторлар қатысты. 2800 оқушы орны мен мектепке дейінгі 530 орынға арналған «SABIS» Араб брендінің халықаралық мектебінің құрылысын осы жылдың сәуір айында бастау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар арабтың International Community Schools Ltd компаниясы 1225 оқушы орны мен 100 мектепке дейінгі орын құра отырып, халықаралық мектеп салуды жоспарлап отыр. Жоба 100-ден астам жұмыс орнын құра отырып, 9 млрд теңге жеке инвестиция сомасына есептелген.

Түркиялық Tiryaki компаниясы қуаттылығы жылына 240 мың тонна бидай өңдеу зауытын салуға шамамен 200 млн АҚШ долларын инвестициялауды жоспарлап отыр.

Штаб отырысына сондай-ақ «WILDBERRIES» пен «Ozon» ірі ресейлік логистикалық компаниялары қатысты. «WILDBERRIES» компаниясы қуаттылығы 150 мың шаршы метр болатын өңірлік логистикалық орталықтың құрылысына шамамен 50 млрд теңге инвестициялайды, ол 6 мың жұмыс орнын ашады.

Елордада 40 млрд теңгеге жуық жеке инвестициямен ірі «Ozon» логистикалық орталығын салу жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі таңда 30 мың шаршы метр аумақты құрайтын жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілді. 40 мың шаршы метр екінші кезегінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жобаны жүзеге асыру 5 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейді.

Австриялық LASSELSBERGER компаниясы Индустриалды парк аумағында құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт салып, 200-ден астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отыр. Инвестиция көлемі 25 миллиард теңгеден асады. Жоспарланған өндіріс көлемі жылына 100 мың тонна қоспаны құрайды.

Өңірлік инвестициялық штабтың отырыстары ай сайынғы негізде өткізілетінін атап өткен жөн, онда әрбір іске қосылған жоба мемлекеттік органдар мен қалалық қызметтердің қатысуымен жеке қаралады. Отырыстарды осы форматта өткізу инвесторлардың сұраныстарына уақытылы жауап беруге және жобаларды іске асыруда бюрократиялық кедергілерді алып тастауға мүмкіндік береді.

ПІКІР ЖАЗУ