Астанада Франкофон әдебиеті бұрышы ашылды

 Елордада Франкофон әдебиеті бұрышы ашылды. Іс-шараны еліміздегі Франция елшілігі мен Бельгия елшілігінің бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ашылу салтанатына Франция елшілігінің Мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Алекс Бортолан мен Бельгияның Қазақстандағы елшісі Анри Вантигем қатысты.

Іс-шарада кітапхана қорына 200-ден астам кітап сыйға берілді.

Француз елшілігі кітапханаға түпнұсқада және аударма түрінде әртүрлі жанрдағы әдебиеттерді: поэзия мен пьесаларды, классикалық және заманауи романдарды, сондай-ақ француз мәдениеті туралы иллюстрациялық басылымдарды кітапхана қорына сыйға берді.

Бельгия елшілігі Ұлттық кітапханаға француз тіліндегі бельгиялық әдебиеттің үлкен таңдауын сыйға тартты. Олардың ішінде керемет иллюстрациялар және жастарға арналған басылымдары бар.

Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайбергенқызы сөз сөйлеп алғыс білдірді.

Франция және Бельгия елшілігіне оқырмандар мен қызметкерлердің атынан алғысымыз шексіз. Франция әдебиетінің бүкіл классиктері көркем әдебиет жанрында және оқу мәдениетін қалыптастыруда да үнемі алда жүретіні бүкіл әлемге аян. “Әлемнен әдебиетті алып тастасақ, сылдыраған тиын мен қару ғана қалады” дейді. Сондықтан классикалық шығармалар халықтың шығармасына айналып кетті. Ол мәдениеттің, руханияттың бірден бір идеологиясы, – деді Ұлттық кітапхананың директоры.

Ғазиза Құдайбергенқызы Франкофон әдебиеті бұрышын кеңінен насихаттау керегін айтты.

Бұл бұрыш тек қана ашылып қоймай, насихатталуы қажет. Әр кітап өз оқырманына ұнайды деп ойлаймын. Ары қарай мәдени серіктестігіміз жалғаса береді деген үміттемін, – деді Ғазиза Құдайбергенқызы.

ПІКІР ЖАЗУ