Астанада «Eolus» қаржы пирамидасын ұйымдастырушы ұзақ мерзімге сотталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы «Eolus» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырушы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Оның 2023 жылы АҚШ-та орналасқан жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция салу желеуімен жеке тұлғалардан ақша тарту мақсатында кеңсе жалдап, «ENERGY EOLUS QAZAQSTAN» ЖШС-ны тіркегені анықталды.
Инвесторлардың қаражаты криптовалюта түрінде тартылды және есепке алу мен қайта бөлу үшін қызмет шетелдік хакерлер жасаған «energyeolus.info» платформасында көрсетілді.
Астанада ақшасын салған 535 адам тартылды.
Сот шешімімен 187 млн теңгеге тең 408 мың USDt көлеміндегі криптовалюта мемлекет пайдасына тәркіленді.
Сот үкімімен ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркіленіп, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге азаматтардың қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қаржы пирамидасын құрған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Қаражатты инвестициялау кезінде компанияның сенімділігін тексеру қажет. Осы мақсатта «Baiqa, piramida!» телеграм боты жұмыс істейді.