Астанада 207 қоқыс үйіндісі жойылды: айыппұл 7 млн теңгеге дейін өсті

Елордада рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою және құқық бұзушыларды анықтау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Қала аудандарының барлығында мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде тәртіп бұзушылықтар анықталып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Қазіргі таңда қала бойынша 207 қоқыс үйіндісі жойылып, 270 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жұмысқа 149-дан астам арнайы техника жұмылдырылған.
• Байқоңыр ауданында – 53 үйінді жойылып, 25 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
• Есіл ауданында – 54 үйінді жойылып, 82 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.
• Сарыарқа ауданында – 16 орыннан 19 мың тонна қоқыс жиналды.
• Сарайшык ауданында – 32 үйінді жойылып, 32 мың тонна қоқыс шығарылды.
• Алматы ауданында – 28 үйінді жойылып, 20 мың тонна қоқыс шығарылды.
• Нұра ауданында – 24 нүктеден 99 мың тонна қоқыс шығарылды.
Стихиялық қоқыс үйінділерімен күрес тек оларды жоюмен шектелмей, бақылауды күшейту және құқық бұзушыларды жауапқа тарту арқылы да жүзеге асырылады. Қалада мобильді топтар мен заң бұзушылықтарды тіркейтін iKomek жүйесі белсенді жұмыс істеп тұр.
Рұқсат етілмеген орындарға қоқыс тастаған жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін (393 200 теңгеден 3 млн 932 мың 200 теңгеге дейін) айыппұл салынады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан құқық бұзушылық жасаған жағдайда 200-ден 2000 АЕК-ке дейін (786 400 теңгеден 7 млн теңгеден астамға дейін) айыппұл қарастырылған.
2025 жылдың жеті айында Полиция департаменті әкімшілік жауапкершілікке тартты:
• Қоғамдық орындарды ластағаны үшін (ӘҚБтК 434-2-бабы) 11 250 құқық бұзушыға 380 млн теңгеден астам айыппұл салынған.
• Қаланы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін (ӘҚБтК 505-бабы) 19 570 адамға 34 млн теңге айыппұл салынған.
Сонымен қатар, қоқыс шығару үшін пайдаланылған көліктер мен өзге де заттарды тәркілеуді көздейтін қосымша шара бар. Бұл қадамдар жаңа рұқсатсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуын болдырмауға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған.