Астанада 170 қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылады

 Астанада биыл 170 қоғамдық кеңістік пен аула аумағын абаттандыру жоспарланып отыр. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданын, оның ішінде елді мекендерді де қамтиды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек желі парақшасында жазды.

Жүргенов көшесінде (Алматы ауданы) жасыл желекжол ашылады. Бұл көше – шағын ауданның басты көшелерінің бірі. Көше ашылған сәттен бастап 9 жыл ішінде жаяу жүргіншілер тротуарларының төсемдеріне жөндеу жүргізілмеген. Осыған байланысты учаскелердің көпшілігі ескіріп қалған. Сондай-ақ, көгалдандыру жүргізілмеген әрі көше жарығы орнатылмаған.

Осыған байланысты Жүргенов көшесіндегі жаяу жүргіншілер кеңістігін ауқымды абаттандыруға кірістік. Оның барысында кедергісіз орта құрылып, бос уақытты тиімді өткізуге арналған орындар ашылады, сол сияқты көгалдандыру, жарықтандыру және т.б. жүргізіледі. Жүргенов көшесін (Айнакөл көшесінен Ж. Нәжімеденов көшесіне дейін) абаттандыру жұмысы қазірдің өзінде басталып кетті. Мұнда 6 мыңнан астам ағаш пен 44 мың бұта отырғызу жоспарланып отыр, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Сонымен қатар, Мыңжылдық аллеясында 70 мың шаршы метр аумақты абаттандыру жүріп жатыр. Жоба үш учаскеден тұрады: 1) Қ.Аманжолов көшесіндегі жолдан Қаздрамтеатрдың басты кіреберісіне дейін; 2) Қаздрамтеатрдың солтүстік жағынан А.Байтұрсынов көшесіне дейін; 3) Қаздрамтеатрдың оңтүстік жағы Ж.Нәжімеденов тұсынан. Мұнда шағын архитектуралық формалар орнатылады, тротуарлар, жолақшалар жабдықталады, сондай-ақ ағаштар отырғызылып, жарықтандыру жүргізілді және т.б.

«Жағалау» тұрғын үй кешенін абаттандыру аясында 18 гектар аумақты абаттандыруды жоспарлап отырмыз. «Жағалауға» қарасты барлық 19 тұрғын үй ауласы абаттандырылады. Сол сияқты, ағаштар отырғызылады, жарықтандыру тіректері орнатылады және т.б. Ботаникалық бақта жүгіруге арналған жолақшалар мен веложолдарды жаңарту, ескірген төсемдерді жаңарту, жарықтандыруды қалпына келтіру, спорт алаңдарын жаңарту және т.б. жұмыс жүріп жатыр, – делінген жазбада.

Бұдан өзге ескі вокзал мен оған іргелес Гете және Біржан сал көшелерінің аумағын, Ақбұлақ жағалауы, Президенттік саябақ, «Бейбітшілік пен келісім» саябағы және т.б. кіретін Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластерін абаттандыру көзделіп отыр.

ПІКІР ЖАЗУ