Астана мен Сеул арасында тікелей әуе қатынасы қайтадан жанданды
Қазақстан мен Оңтүстік Корея астаналары арасында тікелей әуе қатынасы қайтадан жанданды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана-Сеул бағыты бойынша ұшуларды “Эйр Астана” әуе компаниясы аптасына екі рет (сәрсенбі және сенбі күндері) “Эйрбас-А321” үлгісіндегі әуе кемелері арқылы орындайтын болады.
Әуе маршрутты іске қосу Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және туристік ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады, – делінген ведомство хабарламасында.
15 маусым күні Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында тікелей әуе қатынасының ресми ашылу рәсімі өтті.
Ресми іс-шараға Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов, сондай-ақ Корея Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Син Кюхо қатысты, – делінген хабарламада.
Биылғы ақпан-наурыз айларында екі елдің авиациялық билігінің келіссөздерінің нәтижесі бойынша Астана – Сеул бағыты бойынша әуе қатынасы қалпына келтірілді. Осы келіссөздер барысында екі ел арасындағы әуе рейстерінің санын арттыру мақсатында шарттық-құқықтық базаны кеңейту туралы келісімге қол жеткізілді.