Астана: А.Құнанабаев атындағы мектепте ұлы ақынның 180 жылдығына орай сырлы сұқбат өтті

Бүгін, Астана қаласындағы Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясында ұлы ақынның 180 жылдығына орай, «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» атты республикалық «Абай оқулары» сайысының жеңімпаздары бас қосқан мерекелік кездесу өтті, деп хабарлайды «bainews.kz» ақпараттық агенттігі.
Білім ордасында өткен салтанатты іс-шараның мақсаты – ұлы қазақ ақыны, ойшылы Абай Құнанбаевтың әдеби шығармаларын, рухани мұрасын 180 жылдық мерейтой аясында өскелең ұрпаққа насихаттай отырып, ұлы ақынға деген құрметтің айқын көрінісін көрсету.
Кездесуге танымал жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері мен әр жылдардағы «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары, оқу орнының ұжымы және де оқушылар қатысты.
Алғашқы құттықтау сөзі білім ошағының басшысы А. Оңдағанқызына берілді.
Шараны ұйымдастырушы, белгілі абайтанушы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Алмақан Мұқаметқалиқызы Абайдың рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізудің маңызына тоқталып, Абайды адамзаттық деңгейде нәсихаттау керек екендігін атап өтті.
«Абай – қазақ халқының бойтұмары. Ол – тек қазақ жұртының ғана емес, күллі адамзат баласының ортақ рухани қазынасы. Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын тереңінен тануға жол ашу, сонымен қатар республикалық «Абай оқулары» байқауының тарихына үңілу. Аталған байқау алғаш рет 1996 жылы бастау алған болатын. Енді, міне, келер жылы бұл байқауға 30 жыл толғалы отыр. Осы жылдар аралығында талай талапты жас Абай шығармашылығымен сусындап, өзінің шығармашылық жолына алғашқы қадамдарын осы байқаудан бастаған еді. Бүгінгі кездесуге шақырылған қонақтар да – кезінде осы «Абай оқулары» байқауының жеңімпаздары атанған, ал бүгінде елге танымал тұлғаларға айналған азаматтар. Адам – адамнан тәлім алады, жақсы қасиетті бойға сіңіреді. Осындай жүздесу, пікір алмасу арқылы жастар Абайды одан әрі тереңірек танып, үлкен ойға бойлайды. Сондықтан да осындай рухани кештерді жиі өткізіп тұру – парызымыз», – деді Алмақан Мұқаметқалиқызы.
Сыр-сұқбат аясында қатысушылар Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін орындап, оқушылардың музыкалық қойылымдары шығармашылыққа деген ынтасын көрсетті. Жеңімпаздар өздерінің Абай шығармашылығына деген сүйіспеншілігін жеткізіп, ақынның ой-толғамдары мен адамгершілік жайлы тұжырымдарын қазіргі заманмен сабақтастырып, өз көзқарастарымен бөлісті.