Әскери-патриоттық тәрбие беруде ықпалдастық меморандумы қабылданды

«AMANAT» партиясы еліміздегі ең ықпалды саяси күш болып табыла отырып, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын – ел болашағының басты кепілі ретінде қарастырады. Ұлттық қауіпсіздікті қамту міндетін өзінің саяси тұғырнамасында нақты көрсетіп, ұлттық армия еліміздің айбынды қорғаны мен қалқаны болуы тиіс деп біледі.

Осы басымдықтар шеңберінде партиямыз, әскери-патриоттық тәрбие жүйесінің қалыптасуына үлес қосып, аға буынның ерлігі мен қаһармандығын тағлым алар үлгі ретінде ілгерілетуде «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасын жүйелі түрде жалғастырып, республикалық деңгейде «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарын жыл сайын ұйымдастырып, өткізіп келеді.

Осы мазмұндағы іс-шаралардың жалпыхалықтық сипат алуына үлес қосуда бүгін Түркістан қаласындағы «Ақжайық» сазды мектебінде Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың 100 жылдығына арналған мерекелік іс-шара болып өтті. Салтанатты жиын аясында Түркістан облысының әкімдігі, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы, Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті және «Түркістан облыстық әртүрлі деңгейдегі ардагерлерді Үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігі арасында көпжақты меморандумға қол қойылып, жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буынын тәрбиелеу, оларды Отан қорғау ісіне баулу, қайсарлық, өжеттік, алғырлық сынды сергек қасиеттерге ие болуына жағдай жасау іс-шараларын ықпалдастық байланыста бірлесе атқаруға уағдаласты.

«Аға буынның өшпес ерлігі, қаһармандық үлгісі – жастар үшін үлкен тағлым мектебі. Жастарды ел болашағы деп қарайтын болсақ, осы салада ықпалдастықты арттыру бәріміз үшін маңызды. Әрбір жас бала тәрбиелі, білімді, мәдениетті, намысты перзент боп өсуі тиіс деп білеміз», – деді «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалыйма Жантөреева.

Мерекелік жиынға қатысушылар әскери оркестрдің орындаушылық шеберлігін тамашалады, халқымыздың біртуар ұлы Рақымжан Қошқарбаевтың өмірбаяны және Екінші дүниежүзілік соғыс туралы кітап көрмесін тамашалады.

Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев екінші дүниежүзілік соғыста көптеген жауынгеріміздің есімі еліміздің ерлік шежіресіне алтын әріппен жазылғанын атап өтіп, Рахымжан Қошқарбаевтың батырлық болмысы – халқымыздың ерлік дәстүрі болып айшықталғанын жеткізді. Батырдың 100 жылдық мерекесі аясында өңірімізде жастар арасында патриоттық тәлім-тәрбие жұмыстарын атқарудың жүйелі тізбегі түзіліп, ортақ міндетті іске асыруда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар арасында өзара ықпалдастық байланыстар орнығып жатқанын мәлімдеді.

Салтанатты жиынды ұйымдастырушылар көрермендер үшін Халық қаһарманы туралы театралдық көрініс қойып, патриоттық әндерден шашу шашты.

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ