Әскерге шақыру: Күзде 22 мың жас сарбаз сапқа қосылады

 Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Президенттің Жарлығына сәйкес қыркүйек айынан бастап 195 қалалық және аудандық әскерге шақыру комиссиясы азаматтарды күзгі мерзімді әскери қызметке шақыруға кірісті. Желтоқсан айының отызына дейін Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатарын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негізі жоқ, 18-ден 27 жасқа дейінгі 22 мыңға жуық ер азамат толықтыратын болады, – деп атап өтті Фархат Айдарбаев.

Қорғаныс министрлігі ұсынған дерекке сүйенсек, әскерге шақыруға жататын – 21 968 адам, соның ішінде:

  • Қарулы Күштерге – 11 521 адам;
  • Ұлттық ұланға – 7 053 адам;
  • ҰҚК Шекара қызметіне – 2 700 адам;
  • ТЖ министрлігіне – 404 адам;
  • Мемлекеттік күзет қызметіне – 290 адам.

Белгілі болғандай, енді жігіттерді көшеде ұстап алып, әскерге алып кетпейді.