Асқар Мамин облыс әкімдеріне вакциналау қарқынын арттыруды тапсырды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды, деп хабарлайды jana-kezen.kz

Онда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады. Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бақылауға алынған. Вирустың репродуктивті индексі – 0,96. Инфекциялық төсек-орындар 37%, реанимациялық төсектер 30% толы. Коронавирус инфекциясының таралу қарқыны бойынша Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы «жасыл аймақта», Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Қарағанды, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары «сары аймақта» орналасқан. Қостанай, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары «қызыл аймақта» тұр. Бүгінгі таңда 8,2 млн-нан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін, 7,4 млн-нан астам адам екінші компонентін алды. Көрші елдердегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне мемлекеттік шекарадағы эпидемиологиялық бақылауды күшейтуді тапсырды. Әсіресе шекара маңындағы өңірлердің әкімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың қатаң сақталуын қамтамасыз ету, сырқаттанушылық деңгейіне мониторинг жүргізу және жедел шаралар қабылдау, сондай-ақ мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру тапсырылды. Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріне коронавирусқа қарсы вакциналау қарқынын арттыру тапсырылды. Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне халыққа вакциналау мен ревакцинацияның маңыздылығын, денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы – коронавирусқа қарсы вакцина алу екенін түсіндіру жұмыстарын одан әрі жүргізу тапсырылды.

ПІКІР ЖАЗУ