АШМ: Бидай өңдеуге 2,6 млрд доллар инвестиция тартылады

Еліміз жыл сайын 5 млн тоннадан астам астықты өңдейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров министрліктің жылдық қорытындысы бойынша өткен баспасөз кездеуінде мәлімдеді.
Айтуынша, оның ішінде 300 мың тонна бидай және 210 мың тонна жүгері терең өңдеуге жіберіледі.
Бүгінгі күні крахмал, глютен, меласса, биоэтанол және өзге де өнімдер шығаратын 3 терең өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. 2028 жылға дейін жылына 4,8 млн тонна бидай мен жүгеріні өңдейтін 5 ірі жобаны іске қосу жоспарлануда, – деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар министр салаға тартылатын инвестицияға тоқталды.
Салаға тартылатын инвестиция көлемі 2,6 млрд долларды құрайды. 3,3 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім ассортименті аминқышқылдары, сироптар, дәрумендер және өзге де жоғары қосылған құнды өнімдер есебінен кеңейтіледі. Өндірілетін өнім сыртқы нарықтарға, оның ішінде азық-түлік және медициналық ингредиенттерге қажеттілігі жоғары АҚШ пен Еуропа елдеріне, азық-түлік және тағамдық қоспалардың ірі тұтынушылары Қытай мен Үндістанға, сондай-ақ мал шаруашылығының дамуы аясында азықтық аминқышқылдарға сұраныс тұрақты өсіп келе жатқан ТМД, Таяу Шығыс және Африка мемлекеттеріне бағдарланған, – деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ бүгінде елімізде тұрақты шикізат базасы қалыптасқан, атап айтқанда бидай өндірісінің профициті бар.
Бұл қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Глютен сапасының жоғары болуы бәсекеге қабілетті тағамдық және жем өнімдерін шығаруға жағдай жасайды. Инвестиция тарту мен заманауи технологияларды енгізуде мемлекеттік қолдау маңызды рөл атқарады, – деді министр.




