Арыста жол картасы аясында салынған оқу ғимараты пайдалануға берілді

Арыс қаласындағы И.Журба атындағы мектеп шәкірттері биыл Білім күнін қуанышпен қарсы алды. «AMANAT» партиясының Арыс қаласы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында өздері оқитын білім ошағы жаңа кейіпке еніп, жаңадан қосымша 300 орындық оқу корпусы ашылды.

Оқушылардың қуанышымен бөлісуге қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов, «AMANAT» партиясы Арыс қалалық филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, қалалық білім бөлімінің басшысы Әшімхан Момбеков, ардагер ұстаздар мен ата-аналар қатысып, оқушыларға ыстық лебіздерін жеткізді.

Игі шарада Әнұран шырқалып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы көтерілді. Биыл қаламызға қарасты 37 мектепте 20 мыңға жуық оқушы тәрбиеленсе, оның 1210 бүлдіршін мектепке алғаш қадам басты. Қолдарына «Әліппесін» қыса ұстаған олар «мектеп» атты кеменің жолаушылары атанды. Шара барысында жиынның сәнін кіргізіп, бірінші және он бірінші сынып оқушылары күміс қоңырауды сыңғырлатты. Шаттық пен ыстық сезімдерге толы бұл күн мектеп оқушылары үшін ерекше есте қалғаны анық.

Айта кетейік, 1037 оқушы білім алатын И.Журба мектебінде 95 ұстаз еңбек етеді. Биылғы оқу жылында 96 оқушы осы оқу орнының табалдырығын алғаш аттады. Оқушы саны артуына байланысты жаңадан пайдалануға берілген 300 орындық оқу ғимараты толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Үш қабаттан тұратын ғимаратқа жылы су жүйесі, ойын және спорттық алаңшалар орнатылған. Барлық оқу кабинеттері жаңа парта-стөлдермен, интерактивті тақталармен, оқу-әдістемелік құралдармен, ішкі әжетханалармен жабдықталған.

“AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ