Арыста ауқымды сенбілік өтті
Бүгін Арыс қалалық мәслихат депутаты Алмас Шүкірбековтің бастамасымен МПС тұрғын ауданында тазалық шарасы өтті. Еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бір кісідей жұмылып, көтеріңкі көңіл-күймен аянбай еңбек етіп, қаланың таза болуына өз үлестерін қосты.
Экологиялық мәні зор шараға қаланың кәсіпкерлері де қолдау көрсетті. Бірі өз иелігіндегі арнайы техникасын әкелсе, «Жасыл-Арыс» КММ мен «Қызмет-Сервис» мекемесі ауыр жүк көліктерін берді.
«Тазалық пен тәртіп – кез келген қаланың табысты дамуының кепілі. Бұл жағынан Арыс қаласы басқаларға үлгі болуға тиіс. Экомарафон бір реттік акция емес, алдағы уақытта да жалғасатын болады», дейді ұйымдастырушылардың бірі Алмас Шүкірбеков.
Шара барысында тұрғындар балаларымен бірге қоқыстарды жинап, көпке үлгі болар іс жасады. Үйлестірілген жұмыстың арқасында 3 камаз қоқыс арнайы полигонға шығарылды.
Жергілікті азаматтар мұндай шараны алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отыр.