Арыс: жерлесіміз облыстық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алды

Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына арналған «Ер Түріктің бесігі» атты облыстық ақындар айтысы өтті. Аламан айтыста Арыстың жас ақыны Нұрмахан Жақыпбек бас жүлдені жеңіп алды.

Жалпы, дүбірлі додаға Түркістан облысының елімізге белгілі 16 айтыскер ақыны бақ сынады. Бірінші кезеңде жұптасып, тамаша айтыс көрсетті. Екінші кезеңге 4 ақын өтіп, шын жүйріктер анықталды.

Қазылар алқасының шешімімен 1 млн. теңге қаржылай жүлдесімен Арыс қаласы, Қожатоғай ауылдық округіне қарасты Байтоғай елді мекенінің тумасы Нұрмахан Жақыпбек бас жүлде иегері атанды.

Жүлделі І орын Аян Ниязбекке (Төлеби ауданы), жүлделі ІІ орын Дәурен Ақсақаловқа (Отырар ауданы), жүлделі ІІІ орын Қажымұхан Абзалов (Бәйдібек ауданы) пен Ахметрасул Баянбайға (Отырар ауданы) және Анар Жаппарқұловаға (Отырар ауданы) бұйырды.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев қатысып, құттықтады.

Сөз сайысына айтыскер ақын «Алтын домбыра» иегері Бекарыс Шойбеков, жазушы, айтыскер ақын Бөрібай Оразымбетов, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын, Мұхтар Ниязов төрелік етті. Қазылар тарапынан айтыс мәдениетін сақтау жөнінде, сөз өнеріне қатысты сын-ескертпелер айтты. Сондай-ақ ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Ұлттық болмысымызды ұлықтап, салт-дәстүрімізді жаңғыртатын айтыс өнері — барша қазақтың қазынасы. Арыстың намысын қорғап, мерейін үстем еткен жерлесімізді құттықтаймыз.

ПІКІР ЖАЗУ