Арыс: «Жарқыра менің жұлдызым» атты ән кеші өтті

Бүгін қалалық Мәдениет үйінде Түркістан облыстық «Шұғылалы таң» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Жарқыра менің жұлдызым» атты ән кеші өтті.

Ән кешінің шымылдығы қоғамдық қордың негізгі атқарып жатқан жұмыстары туралы қамтылған арнайы бейнебаянмен ашылды. Әрі қарай келушілер өмірге құштар, таланатты, ерекше жандардың арнайы дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.Тұла бойлары саналуан өнер түрлері тұнған талантты жандар көрікті Мәдениет сарайын әуелеген әнмен әрлеп, көрермендердің көңілдерін баурап, рухани бай әсер сыйлады.

Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қиындыққа қайыспай, кедергіге мойымай, алға ұмтыла білетін өнерпаздарға сәттілік тілеп, ақжарма тілегін арнады.

Шара барысында, «Шұғылалы таң» қоғамдық қорының құрылтайшысы, Түркістан қаласының құрметті азаматы, облыстық әжелер алқасының орынбасары  Дана Орманова сөз алып, кешті ұйымдастырған қала басшылығына жүрекжарды лебіздері мен ризашылық сезімдерін жеткізді.

Қоғамдық қордың көрермендер назарына ұсынған өрелі өнер кеші тәуелсіз елімізде бейресми түрде екінші әнұранымыздай болып кеткен Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланып, түйінделді. Кештен мол әсерлер алған көрермендер көңілді күймен тарасты.

ПІКІР ЖАЗУ