Арыс: «Тәуелсіз елдің тұтқасы» шарасы өтті

Бүгін қалалық мәдениет үйінде Тәуелсіздік күні қарсаңында «Тәуелсіз елдің тұтқасы» атты шара өтті. Желтоқсаншылар мен бірге қала тұрғындары және жастар қатысқан іс-шара «Желтоқсан жаңғырығы» атты көрініспен ашылып, Қайрат Рысқұлбековтің  анасына жазған хаты мен «Көтер, ана,басыңды» өлеңі сахналанды.

«Кешір ана,қысқа болды ғұмырым,

Үміт артқан құлады бір тұғырың.

Оныменен ортаймайды отбасың,

Елі үшін құрбан болса бір ұлың,» -деген жалынды өлең жолдары жүректерді бір тулатып тастады.

Тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының шындығын көрсететін қойылымды көрермендер бір деммен көріп шықты. Қалалық мәдениет үйінің әртістері спектакльді аса жоғары жауапкершілікпен орындап, көрермендер қошеметіне бөленді.

Одан соң, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары орындаған рухты ән-күйлерге жалғасты. Қалалық мәдениет үйінің ұлттық фольклор ансамблі тағдырлы тарихи туынды, желтоқсан оқиғасындағы қасіретке арналған «Қара бауыр қасқалдақ» әнін шырқады. Бұдан бөлек, «Желтоқсан», «Алаш ұраны» әндері орындалды. Мәдениет үйіне жиналған жастар мен орта буын өкілдері естен кетпес әсер сыйлағаны үшін өнер ұжымына өз ризашылықтарын білдірді.

ПІКІР ЖАЗУ