Арыс: «Саламатты Қазақстан» пойызы шағыр ауылында

Еліміздің орнықты әлеуметтік-демографикалық дамуын қамтамыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсартуды мақсат еткен медициналық пойыз Арыс қаласына қарасты Шағыр ауылына келіп тоқтады. Станция бекетіне тоқтаған білікті мамандарды Арыс халқы вокзал маңында күтіп алды.

Онда сөз алған Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова қала мен ауыл тұрғындарын туындаған мүмкіндіктен құр қалмай профилактикалық тексерістерден өтуге шақырды.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының бас дәрігері Айнұр Құдайбергенова тұрғындарға қызмет алу барысын түсіндірді.

8 вагоннан тұратын медициналық пойыз заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен, шағын операциялық бөлмемен, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған. Медициналық пойызда терапевт, стоматолог, офтальмолог, лор дәрігері, хирург, уролог, маммолог, педиатр мамандары бар. Мұндағы білікті мамандардың 80 %-ы Астана қаласынан болса, 20 %-ы Алматы қаласынан.

2016 жылдан бастап іске қосылған «Саламатты Қазақстан» пойызының биылғы ерекшелігі болған заңгерлер мен медиатор көмегіне ауыл мен қала тұрғындары құқықтық кеңес алды.

Еске сала кетейік, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шағыр бекетінде 10-11 қараша күндері болып, тұрғындарға медициналық, психологиялық, құқықтық көмек көрсетеді.

Тұрғындарды қабылдау уақыты таңертеңгі сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін.

ПІКІР ЖАЗУ