Арыс қаласы өнерпаздарының ордабасыда мәдени күндері өтті

Өткен аптада ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес Ордабасы ауданында үш күнге созылған Арыс қаласының мәдени күндері өтті. Мәдени-рухани шара ең алдымен Ордабасы ауданына қарасты Берген Исаханов ауылынан басталды. Мұнда арыстық өнерпаздар жүрек тебірентер театрландырылған қойылымдар қойып, әуезді әндер шырқап ауылдастарға керемет кеш сыйлады.

Іс-шараның екінші күні Жеңіс ауыл округінің Мәдениет үйінде жалғасты. Қала өнерпаздары М.Әуезовтың «Үйлену» спектакльін көрермен назарына ұсынды. Өнерге шөлдеген ауыл тұрғындары қойылымнан ерекше әсер алып, зор қошемет көрсетті.

«Туған жерім – алтын бесігім» атты үш күндік мәдени шараның қорытынды гала концерті аудан орталығы Темірланның орталық алаңында, ашық аспан астында өтті. Мұнда қалалық мәдениет үйі қала қолөнершілерінің көрмесін ұсынса, қалалық Абай атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі кітаптар көрмесін ортаға қойды.

Қала әкімінің орынбасары Алмаз Советұлы құттықтау сөз сөйлеп, екі ауданның мәдени-танымдық байланыстары нығая берсін деген тілегін жеткізді.

Гала концертте Арыс өнерпаздары Ордабасы аспанын әнмен әуелетіп, керемет кеш сыйлады. «Алтынай» бишілер тобы мың бұрала би билесе, жезтаңдай әншілеріміз вокальды инструменталды ансамбльдің сүйемелдеуімен әуезді әндер шырқады. Ал, өнерлі әжелерден құралған хор жанды дауыста әндер шырқап, көрермен көңілін босатты.

Ордабасылық ағайын Арыс қаласының мәдениет қызметкерлерінің өнерлеріне жоғары баға беріп, өз алғыстарын білдірді.

Енді, осы аптада, яғни, қазан айының 13,14,15 күндері Ордабасы өнерпаздары Арыс қаласына келіп, өз өнерлерін паш ететін болады.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ