Арыс: Ақдалада атқарылған келелі істер көп

Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова Ақдала ауылы тұрғындарымен кездесті. Еркін форматта өткен жүздесу қыркүйек айында пайдалануға берілген су жаңа 240 орындық ауыл клубында өтті.

Шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Биыл Ақдала ауылы аумағында орналасқан Ақын-Жақып кесенесін абаттандыру жұмыстары басталған. Бұдан бөлек,  П.Арапов елді мекенінде 1 трансформатор жаңартылған. Округ орталығында да дәл осындай трансформатор жаңартылып,  5,3 шақырым электр желілері ауыстырылған.

Енді, ауыл ішіндегі 11 көшенің ескірген ауыз су құбырларын жаңарту қолға алынуда. Ол үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірлеп, құрылысын 2024-2025 жылдары жүргізу жоспарланып отыр.

Жоғарыда атап өткендей, қыркүйекте ауыл халқы көптен бері күткен жаңа Мәдениет үйінің есігі айқара ашылды. Енді, жергілікті тұрғындар өтінішіне сәйкес Ақдала ауылынан заманауи спорт залын салу үшін жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп,  республикалық бюджетке қаржыға ұсыныс енгізілді. 

Биыл ауылда мектеп бітірген 20 жылдық түлектер ауыл жастарымен бірлесіп, аз қамтылған отбасыға асарласу дәстүрімен баспана тұрғызып жатыр. Кездесуде қала басшысы берекелі ауыл тұрғындарының бастамасына ризашылығын білдіріп, ауыл жастарының ұйымшылыдығын үлгі етті.

Биыл қолға алынған «Ауыл – аманаты» жобасына ақдалалықтар белсенді қатысуда. Бағдарлама ауылдастарға жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алу арқылы өз кәсіптерін дамытып, әлеуметтік-экономикалық тұрмысы жақсартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Ақдала ауылдық округі бойынша 62 жоба несие комитетіне ұсынылған.  35 жобаға 169,2 млн. теңге оң қорытынды алып, тұрғындар кәсіптерін бастап үлгерген.

Негізінен, сұрақ-жауап форматында өткен кездесуде тұрғындар көкейдегі сұрақтарын қойып, жауаптар берілді. Әрі қарай, кездесу тұрғындардың жеке қабылдауына ұласты.

ПІКІР ЖАЗУ