Арқан тартыстан рекорд тіркелді

Орал қаласында арқан тартудан ел рекорды тіркелді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы орталық алаңда бір мезгілде 200 спортшы сайысқа қатысты. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне БҚО Спорт басқармасының баспасөз қызметінен мәлімдеді.
Арқан тартудан “Еділ” мен “Жайық” командасы кім мықтыны анықтады. Әр команда құрамында 100 адамнан болса, арқанның ұзындығы 300 метрді құрады. Мақсатымыз – ұлттық спортты ұлықтау, саламатты өмір салтын насихаттау, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы Айнұр Қаменова.
Шараға арнайы келген Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі Қуандық Құдайбергенов рекорд орнатылғанын жариялап, ұйымдастырушыларға арнайы сертификат табыс етті.
Ал бұдан соң “Жайық Арена” спорт кешенінде арқан тартудан республикалық ашық турнир өткізілді. Жарысқа өңірлерден 10 команда қатысты. Нәтижесінде 720 келі салмақ дәрежесінде ерлер арасында ШҚО командасы ешкімге дес бермесе, ұлытаулықтар екінші орынды қанағат тұтты. БҚО-ның Казталов ауданы Көктерек ауылынан келген спортшылар үшінші орынды иеленді. 1000 келі салмақ санатында тағы да ШҚО командасы қарсыластарынан басым түссе, “Көктерек” командасы екінші орынға қол жеткізді. Ұлытаулықтар бұл жолы жүлделі үшінші орыннан көрінді.
Әйелдер арасында 560 келіде шығысқазақстандықтар кезекті мәрте мықтылықтарын дәлелдеді. БҚО Сырым ауданының спортшылары екінші орынға табан тіреді. Орал қаласының арқан тартушылары жеңіс тұғырының үшінші сатысынан табылды.