«AMANAT» партиясының Жол картасына енгізілген білім ордасы қолданысқа берілді

Бүгін Түркістанда тарихи күн. Ұлтымыздың ұлық мерекесі – Республика күні қарсаңында ежелден білім мен руханияттың алтын бесігі болған шаһарда бірегей білім ордасы – 2 мың орындық «Жайлы мектепті» пайдалануға тапсыру рәсіміне қатыстық. Тамыры тереңге бойлайтын қастерлі мекеннің жаңарған келбеті осылайша тағы бір маңызды ғимаратпен толықты.
Мектептің ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы Сатыбалдымен және Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов пен бірге қатысып, түркістандық ұстаздар мен оқушылардың қуаныштарымен бөлістік. Сондай-ақ айтулы іс-шараға жергілікті атқарушы мемлекеттік органдардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, білім беру ісінің ардагерлері, қоғам белсенділері келіп, ізгі тілектерін арнады
Облыс әкімі қала тұрғындарына арнаған құттықтау сөзінде, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағдарланғанын айтты. Биылғы жылы облысымызда жалпы сиымдылығы 17 800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы қолға алынғанын мәлім етті. Бүгін облыс орталығында осы санаттағы мектептердің алғашқысы пайдалануға беріліп, білім беру саласындағы іргелі өзгерістерді айшықтап отырғанын жеткізді. «Сіздердің мектептеріңіз жай жаңа ғимарат ғана емес. Бұл – әрбіріңіздің дамуларыңыз бен білім алуларыңыз үшін жасалған тамаша жағдай, ыңғайлы орта», – деді жас буынға ақ тілегін арнаған өңір басшысы.
Жоғары сапа стандарты бойынша салынған ғимараттың құрылысы «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі өңірлік Жол картасына енгізіліп, аманаттық өкілдер білім ұясының дайындығын қоғамдық бақылауда ұстағанын атап өтуіміз керек. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынған мектептердің өзге білім ұяларынан басты айырмашылығы – бұл ғимараттың оқу-тәрбие процесстерін неғұрлым ұтымды атқаруға бейімді болуы. Мектеп аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігін қамтуға барынша көңіл бөлініп, заманауи бейнебақылау кешенімен қамтылған. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке қарастырылған блоктарда білім алатын болады, ерекше қажеттілігі бар балаларға барлық техникалық мүмкіндіктер қарастырылған.
Мектептің оқу және шығармашылық кабинеттері, спорт және акт залдары қажетті жабдықтардың бәрімен қамтылған. Мұнда балалардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлы технологияларды меңгеру, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін зерделеу, оқу бағдарламаларын игеруге қажетті барлық құрал-жабдықтар түгелдей қарастырылған.
Ежелгі Түркістанның бүгіні мен болашағын байланыстырып, ұлттың жаңа сапасын қамтуға қызмет ететін білім ұясы тың идеяларға ашық, сыни және креативті ойлай білетін, ізденімпаз, өмірін білім мен кәсіби қабілетін жетілдіруге арнауға дайын азаматттар шоғырын тәрбиелеп шығарады деген сенімдеміз. Тұранның тұғырлы ордасы болған Түркістанымыз өркендей берсін!