«AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен «JAIDARMAN» өткізілді

Республика күні мерекесі қарсаңында Түркістанда облыс әкімінің кубогіне арналған республикалық «Jaidarman» ойындары өтті. Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі мен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткізілген іс-шараға өңіріміздің белсенді жастары көрермен ретінде қатысып, ежелгі Түркістанның мәңгілік жасарып отырған орталық ретіндегі мәртебесін айшықтады.
Іс-шараның ашылу салтанатына қатысып, жас буынға изгі тілегін арнаған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ұлт сапасын арттыруда зияткер, озық ойлы буынға үлкен үміт артылатынын жеткізді.
«– Еліміздің ең ұлы мейрамы Республика күніне орай өткізіліп отырған «Жайдарман» ойынына қош келдіңіздер. Түркістан – тарихи орталық қана емес, креативті, талантты жастардың ордасы. Өңірде белсенді, шығармашыл жастар өте көп. «Жайдарман» – көрермен мен жастарды біріктіретін сәтті жоба. Үлкен қозғалыс. Елімізің түкпір-түкпірінен келген жастардың бір сахнада өнер көрсетуі – үлкен көрсеткіш, бірліктің белгісі. Біз жастарды қолдаймыз және жастармен бір толқында болуға тырысамыз. Барша командаға сәттілік тілеймін! – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жас таланттарды таныту, жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және бәсекеге қабілетті мәдени буын қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйымдастырылып, өткізілген өнер додасын Қазақстан КВН Одағы РЖҚБ Президенті Есентүгел Елеукен жүргізіп, тізгіндеді. Жастардың ізденістері мен тапқырлығы, шешендігі мен орындау шеберлігі бағамдауға түскен сайыста еліміздің әр өңірінен келген және жергілікті жастардан құралған 11 команда қатысып, өз өнерлерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Ойындарға қатысушы командалардың шығармашылық дайындығын, зияткерлік қарым-қабілетін, командалық рухын сарапқа салған қазылар алқасының шешімімен ойындардың Бас жүлдесі оралдық жастардың «Талант» командасына бұйырды. Жеңімпаз команда 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақымен марапатталды. Ойындардың екінші орын иегері ретінде алматылық «Эверест» командасы танылып, оған 500 мың теңге көлеміндегі сыйақы тағайындалды. Ал түркістандық жастардың басын біріктірген «Ақбұлақ» командасы III орынға лайық деп танылып, 300 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Барлық қатысушы командалар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, талантты жастардың өнерін шыңдап, үлкен сахнаға шығуларына жол ашқан «Жайдарман» ойындарына биыл 25 жыл толып отыр. Республикалық деңгейде «Жайдарман» сайысы облысымызда осымен екінші рет ұйымдастырылып, өткізілді. Жастар арасында танымал бұл ойындардың аудандық, облыстық деңгейдегі іріктеу кезеңдері тұрақты өткізіліп, жастардың жиі бас қосатын мәртебелі алаңы болып қалыптасқан.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі