«AMANAT» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіндегі кездесу
Түркістан қаласы – қолданбалы өнерге дем берген, ғасырлардан келе жатқан мұра-мирасымыздың тамырына нәр жүгірткен рухани орталық. Түркістанның тұғырлы өлке боп қалыптасуы, сонау ықылым замандардан бері ұсташылық, зергерлік, тігіншілік, тоқымашылық, миясарлық, тағы да басқа көптеген қолөнер түрлерінің дамуымен тығыз байланысты болғаны белгілі.
Этнотуризмнің айшықты ордасы боп түзіліп келе жатқан бүгінгі Түркістанда қолөнершілерді не толғандырады, бекзат өнерді ұстанған аға буын өкілдеріне кімдер жатады, олардың жаңа толқын ізбасарлары тәрбиеленіп жатыр ма деген сауалдарды партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген белгілі зергерші, өз ісінің нағыз шебері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Насир Хамракулов ағамызбен өткен жүздесуде талқыладық.
Түркістанды қолданбалы өнершілерді шоғырландырған орталық ретінде дамытуда хас шебердің айтар ұсыныстары көп екен. Соның ішінде Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесі маңын ұлттық рухта мазмұндау, дала өркениетінің белгі-бедерлерімен айшықтау, көркемдік шешімдерді ұтымды пайдалану мәселелерінде орнықты ойларын жеткізді. Қолөнердің қайталанбас үлгі-өнегелерін сақтауда осы салада жемісті еңбек еткен, бүгінде қария жасқа жеткен байырғы шеберлермен кездесуді ұсынып, олармен сыр-сұхбат құруға шақырды.
Елге жанашыр азаматтың ұсыныстарын, айтқан ойларын құп көріп, алдағы уақытта қаламыздың қолөнер саласында өзіндік қолтаңбасы қалған азаматтармен жүздесуді жоспарлап отырмын. Кездесуіміз нәтижелі болуы үшін бұл жүздесулерге қала басшылығын, облыстық мәдениет, туризм басқармаларының басшыларын да тартатын боламыз.
Шын мәнінде, Түркістан халық тұрмысында жиі қолданылған өру, тоқу, тігу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық кәсіптердің берекелі ордасы болуы тиіс деп білеміз. Өнер – бұл шексіздік қасиеті. Түркістанға келген туристке ер-тұрмандар қалай жасалатыны, құмыраның саздан қалай құйылатыны көрсетілетін болса, ғанибет емес пе? Ағаштан жасалатын әшекейлер, мүйізден, сүйектен, темірден жасалатын бұйымдар, зергер құйған білезік пен сақиналар нағыз шеберлердің қолынан шыққан бірегей бұйымдар екенін білген жұртшылық, Түркістанды бұрыңғының тынысын сақтап қалған, бүгінгінің болмысын айшықтаған қала ретінде танымай ма?!
Түркістанның түлеуіне тілектес болайық, ағайын!