Алматылық домбырашылар зардап шеккен өңірлерге көмек жинаған тұрғындарға күймен алғыс білдірді

 Алматыда 100 домбырашы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек жинаған қала тұрғындары үшін ерекше флешмоб өткізді.

Домбырашылар ашық аспан астында күйлерді орындап, өнері арқылы қала тұрғындарына қолдау көрсетті. Күйшілер керемет туындылар тұрғындардың рухын көтеріп, жігер сыйлайтынына сенімді.

«Біз мұндай жағдайдан шет қала алмаймыз, еріктілер ретінде де қатысамыз, сонымен бірге өз эмоциямыз бен қолдауымызды өнеріміз арқылы көрсетеміз. Сондықтан халықты жігерлендіру, қуаттандыру және қолдау үшін қазақ күйлерін орындауды ұйғардық. Біздің халқымыз әрқашан біреудің қасіретіне бей-жай қарамайтын, табиғатқа үлкен құрметпен қарайтын, тазалық пен тәртіпті бағалайтын. Оның үстіне қазір қала тұрғындары ауқымды экологиялық жобаға қатысып, азаматтық белсенділік таныта алады», – деді «Алатау» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Тұрсынай Пазыл.

Аталған флешмобқа «Алатау» фольклорлық ансамблінің домбырашылары мен жас таланттар қатысты.

Айта кетейік, табиғи апаттан зардап шеккен Атырау облысының тұрғындарына алматылықтар 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Оның ішінде 12 тонна азық-түлік, шамамен 10 тонна киім, 7,2 тоннадан астам гигиеналық заттар, 2 тоннадан астам тұрмыстық заттар, 200 келіден астам дәрі-дәрмек және т.б. көмек жиналды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Еске салсақ, қалада «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны өтіп жатыр. Бұл ретте қала тұрғындары өз ауласының аумағына көшет отырғыза алады, сондай-ақ, 20 сәуірде өтетін қалалық сенбілікке қатыса алады.

ПІКІР ЖАЗУ