Алматылық дәрігерлер жүре алмай қалған науқастың аяғын 10 см-ге ұзартты
Алматылық дәрігерлер өздігімен жүре алмай қалған науқасқа жамбас буындарына эндопротездеу отасын жасап шықты.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас жамбас сүйегі аймағындағы ауырсыну, жүріп-тұруының қиындауы мен бір аяғының 10 см-ге қысқа болуына байланысты Орталық қалалық клиникалық ауруханасына жатқызылған.
Ол бұл дертпен 10 жыл уақыт күрескен. Кейінгі 3 жылда науқас өздігінен жүре алмай қалған. Оған жүргізілген тексеру мен дәрігерлердің кеңесінен соң аяқ буынын ұзарту мен жамбас буындарына эндопротездеу отасын жасау туралы шешім қабылданды.
Техникалық жағынан күрделі отаны ОҚКА травматолог дәрігері Дәулет Чукманов жасады.
«Біз қажетті көлемдегі эндопротез алдық және жамбас буынының қалыпты анатомиясын қалпына келтіру үшін оны имплантацияладық. Ота барысында біз жамбас буынының зақымдануын байқадық және аяғын 10 см-ге дейін ұзарттық. Ота сәтті аяқталды. Отадан кейін науқас физиотерапия, емдік жаттығу және күнделікті өмірде қажетті кеңеспен оңалту курстарынан өтті», – деді Дәулет Чукманов.
Күрделі ота науқастың екі аяғын теңестіруге көмектесті.
Оңалтудан өту барысында науқас өзінің қозғалу функцияларын қалыпқа келтірді және қозғалыс барысында буындардағы ауырсыну азайды. Аяқты ұзарту сәтті өтіп, науқас белсенді өмір салтына оралды.
Дәрілердің сөзіне сенсек, аяқ сүйектерін ұзартумен жамбас буындарын эндопротездеу осындай күрделі диагноз қойылған науқастар үшін ең тиімді емдеу әдісі саналады.
«Отаның сәтті нәтижесі науқастың отадан кейінгі күтімі мен дәрігерлердің берген кеңесін уақтылы әрі дұрыс орындауында екенін естен шығармаған жөн. Ота ауырсынуды басу, буын функциялары мен қысқарған аяқты қалпына келтіру мақсатында жасалды», – деді Дәулет Чукманов.