Алматыдағы жер сілкінісінен кейін жер үйлердің бағасы күрт көтерілді

 АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы жер сілкінісінен кейін қалада жеке сектордағы үйлердің бағасы қымбаттай түсті. Бұл туралы Қазақстан риэлторлары бірлескен қауымдастығы президентінің кеңесшісі Нина Лукьяненко айтты.

«Жер сілкінісінен кейін жеке сектордағы нысандарды сату мен жалдауға қызығушылықтың біршама артқаны байқалды. Осының аясында кей адамдар бағаны аздап көтерді. Бірақ, мұндай қызығушылық мәмілелерге еш әсер етпеді. Бұл жайт үй мен пәтер бойынша мәмілелер құрылымындағы үлестің қайта бөлінуіне айта қоярлықтай әсер етеді деп айта алмаймын», — деді ол агенттік тілшісіне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, жер сілкінісінен кейін үй-жайлардың қауіпсіздігін тексеру мәселесі өткір көтерілді. 

«Жер сілкінісінен кейінгі алаңдаушылық тұрғын үйлердің немесе ескі тұрғын үй қорының қауіпсіздігі, үйлердің тектоникалық опырылу қаупі бар аймақта орналасуы, ғимараттардың беріктігі сынды мәселелерді талқылауға қарай ойысты. Дегенмен, сарапшылардың сендіруінше, үйлер аймақтың сейсмикалық қаупі ескеріле отырып салынады. Құрылыс барысында қажетті өлшемшарттар сақталады. Яғни, алаңдауға еш негіз жоқ», — деді Нина Лукьяненко.

ПІКІР ЖАЗУ