Алматыда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр
Қала әкімі Ерболат Досаевтың төрағалығымен өткен жедел кеңесте 2024-2025 жылдағы жылыту маусымының барысы талқыланды.
Энергетика және сумен жабдықтау, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, білім беру басқармаларының басшылары, сондай-ақ «Алматы жылу желілері» ЖШС, «АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС, ШЖҚ «Алматы Су» МКК, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Алатау жарық компаниясы» АҚ және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Алматы филиалының өкілдері өз саласындағы жағдай туралы баяндама жасады.
Алматыда жылыту маусымы 2024 жылдың қазан айының басында басталып, штаттық режимде өтуде. Жылыту жүйесіне 8 863 көпқабатты тұрғын үй, 404 білім беру және 128 денсаулық сақтау нысаны қосылған.
Жылу және электр қуатын жеткізу тұрақты түрде жүзеге асып жатыр. Жылу көздері мен желілердегі температуралық режим бекітілген кестеге сәйкес қатаң сақталып отыр.
«АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС-нің мәліметінше, қалада 85 қазандық бар, олардың барлығы технологиялық ақаусыз жұмыс істеп тұр. Жалпы, қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 1 385,3 шақырым. Жылыту маусымы басталғалы бері ешқандай ақау мен жаппай апаттық жағдай тіркелмеген. 2024 жылы қала тұрғындарын үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 23 жылу желісі нысаны жаңартылды.
Сонымен қатар, «Алматы электр станциялары» АҚ-ның нысандарында – 1-ЖЭО, 2-ЖЭО, Каскад ГЭС-і, Батыс жылу кешенінде – энергетикалық негізгі 56 қондырғыға жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазандықтар, турбоагрегаттар, гидроагрегаттар жөндеуден өтті.
«АлЭС» АҚ-ның энергия көздерінде (1-ЖЭО, 2-ЖЭО, БЖК) мазут қоры 140% (25,6 мың тоннадан 18,3 мың тонна), көмір қоры 179% (302,8 мың тоннадан 168,6 мың тонна).
Қалада төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында 400-ге жуық маман мен 100-ден астам арнайы техникасы бар 104 апаттық бригада жұмыс істейді. «АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС, «АлЖЖ», «АлЭС» АҚ, «АЖК» және ШЖҚ «Алматы Су» МКК коммуналдық қызметтері жоғары дайындық режимінде жұмыс істеп тұр.