Алматыда жаңа Журналистер аллеясы ашылды

Қатысушылар ағаш егумен шектелмей, саябақ аумағын тазарту жұмыстарына да атсалысты.
Алматыда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Оңтүстік саябақта журналистер мен блогерлер еккен жаңа аллея ашылды. Бұл игі іс-шара қала экологиясына бей-жай қарамайтын медиа өкілдерінің басын қосып, Алматыны жасыл әрі таза қалаға айналдыру жолындағы маңызды бастамаға айналды.
Акцияны Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Бостандық ауданының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды.
Бұл күні саябаққа 25 БАҚ өкілі мен блогер жиналып, шаһарды көгалдандыру жұмысына үлес қосты.
Қатысушылар ағаш егіп қана қоймай, саябақ аумағын тазалап, бейресми жағдайда пікір алмасты. Іс-шара барысында қалыптасқан ерекше ахуал Алматыны одан әрі көркейтуге ниетті екенін аңғартты.
Әсіресе, Tengrinews ақпарат агенттігінің редакциясы белсенділік танытып, 7 қызметкері бірдей акцияға қатысты.
Олардың қатарында журналист Ирина Грибовская да болды. Ол мұндай бастамаға жылда қатысады екен. Бұған дейін де редакция ұжымы ағаш егу жұмыстарына атсалысқан. Бұл жолы ол қызын ертіп келіп, табиғатқа қамқорлық жасаудың үлгісін көрсетті.
Экологиялық акцияға урбанист-блогер Тихон Шутов та қосылды. Алматының тумасы ретінде ол қаланың жасыл қорын сақтау мен қалалық ортаны дамытуды үнемі қолдап келеді.
Іс-шара барысында Бостандық ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков сөз сөйлеп, экология мәселесінде қоғам, медиа және жергілікті биліктің бірлескен жұмысы аса маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, мұндай акциядан кейін көпшілік те қоршаған ортаға қамқор бола бастайды.
«Таза Қазақстан» акциясы әрбір азаматтың аз да болса қосқан үлесі үлкен өзгерістерге бастайтынын тағы да дәлелдеді.
Жаңадан бой көтерген Журналистер аллеясы Оңтүстік саябақтың көркін арттырып қана қоймай, табиғат пен Алматының болашағына деген ортақ жанашырлықтың нышанына айналды.





