Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында 13 мың ірі ағаш егу жоспарлануда

Қала әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының іске асырылуы және Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасыл желекті көбейту мен жайлы қалалық орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Алматыны көгалдандыру мен абаттандырудың күзгі науқанына дайындық мәселелері талқыланды.
Кездесуде аудан әкімдіктері мен салалық қызмет өкілдерінің есепбі тыңдалып, жазғы жұмыс қорытындыланды және күзгі егіс маусымы бойынша іс-шаралар бекітілді.
Күзгі кезеңде Алматыда биіктігі 4–5 метр болатын 13 мың ірі ағаш және шамамен 100 мың бұта отырғызу жоспарланған. Жұмыстар қаланың 37 аумағында – магистральды көшелер бойында, сондай-ақ саябақ пен скверлерде жүргізіледі. Көктемде биіктігі 6 метрден асатын 2 мың ірі ағаш егілген болатын. Олардың қатарында жөке, шаған, қарағаш, қарағай, күміс үйеңкі және жасыл шырша бар.
Негізгі аумақтардың ішінде – Рысқұлов даңғылы (500 ағаш, бір бөлігі көшіру арқылы сақталады), Жаңа Саин көшесі (500 ағаш), сондай-ақ «Алматы Арена» маңы (60 ағаш). Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көгалдандыру сапалы әрі қаланың климаттық және топырақтық ерекшеліктерін ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – есеп үшін ағаш отырғызу емес. Маңыздысы – олардың жерсініп, өсіп, қаланың экологиясына ұзақ жылдар пайда әкелуі», – деді ол.
Ағаш отырғызумен қатар Алматыда санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Тек Медеу ауданында соңғы апталарда 60 жерде 31 жергілікті сенбілік өткіп, оған 6 мыңнан астам тұрғын, ерікті және бизнес өкілдері қатысты. 400-ден астам техника жұмылдырылып, 6 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды. Қалада аулаларды кешенді тазалау жұмыстары жүріп жатыр: 158 аула қамтылды, ал 10 қазанға дейін тағы 256 аулада жұмыстар аяқталмақ.
Коммуналдық қызметтердің жұмысына да ерекше назар аударылуда. Наурызбай ауданында арық жүйесін тазалау бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр: ол 92 көшені, жалпы ұзындығы 100 км-ден астам аумақты қамтиды. Жұмысшылар мен арнайы техника жұмылдырылған. Екі апатты өткел жөнделіп, тағы екеуінің құрылысы басталды, олар қазан айының ортасына дейін аяқталады.
Сонымен қатар қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде – тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істеп, көшелерді уақытылы тазалауды және әрбір ауданда тәртіпті қамтамасыз етуде.
Сонымен бірге аулаларды абаттандыру жалғасуда: өткен жылы 18 аулада қоршаулар орнатылған болса, биыл тағы 8 км-ден астам қоршау қою жоспарланған. Қаладағы қоқыс жәшігінің мағына бейнабақылау камералары орнатылуда: биылдың өзінде 220 камера қойылды, тағы 122-сіне өтінім берілген.