Алматыда МӘМС шеңберіндегі қызметтерге 9,5 млрд теңге бөлінген

 Алматыда 78 ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық директоры Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді.

Биыл Алматы қаласы бойынша МӘМС пакеті шеңберінде көрсетілетін оңалту қызметтеріне 9,5 млрд теңге қарастырылған. Қызметті Алматы қаласындағы 78 емдеу мекемесі көрсетеді. Толық тізіммен қордың fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. Медициналық оңалту кімдерге көрсетіледі? Негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда, инсульт, кейбір хирургиялық оталардан кейін, жарақат алған жағдайда, сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда өтуге болады, – дейді Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, медициналық оңалту үш кезеңнен тұрады.

Алдымен ауруы асқынып тұрған науқастарға, хирургиялық операция жасатқан, жарақат алған адамдарға арналған. Ол стационарлардың құрылымдық бөлімшелерінде жүргізіледі.

Егер ауруханаға жатқызу қажет болмаса, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін және негізгі ауру емделіп болғаннан кейін пациент оңалтудың екінші немесе үшінші кезеңіне жіберіледі.

Оңалтудың екінші кезеңі мамандандырылған бөлімшелерде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдары, мамандандырылған оңалту орталықтары мен көпбейінді стационарлар базасында өтеді. Бұл кезең ауру басталған сәттен бастап тоғыз ай ішінде жүргізу қажет. Курстың ұзақтығы мен жиілігі нозологияға, науқасты денсаулық жағдайына тағы да басқа факторларға байланысты болмақ.

Үшінші кезеңде медициналық оңалту емхана-амбулатория деңгейінде, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында, санаторийлер мен курорттарда, үйдегі стационар жағдайында, сондай-ақ қашықтан жүргізіледі. Курстың жиілігі мен ұзақтығы пациенттің денсаулығына қарай белгіленеді, – дейді Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық директоры Тілеухан Әбілдаев.

ПІКІР ЖАЗУ