Алматыда еліміздегі қысқы экстримнің басты фестивалі өтті

“Шымбұлақ” тау шаңғысы курортында спорттық-музыкалық фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Екі күн бойы Шымбұлақ тау курорты қысқы экстремалды спорт сүйер қауым жиналатын орынға айналды.
Іс-шара шеңберінде экстремалды қысқы спорт түрлерінен жарыстар, сондай-ақ диджейлер мен танымал қазақстандық музыканттардың өнер көрсетуі жоспарланған. Big Air, Jibbing және Jungle Cross секілді жарыстар Gorilla Winter Jungle спорттық-музыкалық фестивалі аясында өтіп жатыр. Биылғы маусымның жаңалығы – спортшылардың бір-біріне қарсы шығатын Kings of the Jungle сайысы болмақ. Бұл әсерлі спорт түрлерінде Финляндия, Швейцария, Польша, Ресей және Қазақстаннан келген қатысушылар бақ сынайды.
Біздің мақсатымыз – жарқын фестиваль ұйымдастырып қана қоймай, спорт пен музыканы біріктіріп, адамдарды қозғалысқа және белсенді өмір салтына шабыттандыратын кеңістік құру. Бағдарламаның қызықты және мазмұнды болуы үшін бар күшімізді салдық: әсерлі спорттық жарыстар, танымал диджейлер мен қазақстандық орындаушылардың музыкалық қойылымдары қарастырылған. Іс-шараның шарықтау шегі – әлемге танымал жұлдыз, «Грэмми» сыйлығының иегері МС Flowdan-ның өнер көрсетуі. Фестиваль барлық қатысушылар мен көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлап, спорт пен заманауи мәдениеттің сүйер қауымын тартатын орталыққа айналады деп үміттенеміз, – деді Gorilla Winter Jungle 8 фестивалінің бас продюсері Александр Кучура.
Big Air – сноубордшылар мен шаңғышылар трамплиннен секіру арқылы әуе акробатикасын көрсететін әсерлі дисциплина. Қатысушылардың трюктерінің күрделілігіне, орындау техникасы мен стиліне төрешілер баға береді. Жарысқа кәсіби спортшылар (Pro) мен әуесқойлар (AM) қатысады.
Сноуборд пен ньюскулдегі кем түспейтін қызықты дисциплина – Jibbing. Бұл фристайл бағыты арнайы жабдықталған парктерде де, табиғи ортада да (мысалы, баспалдақтардың қоршаулары, парапеттер және т.б.) сырғанауды қамтиды. Жарыстың мақсаты – фигуралар бойымен сырғанаудың теңдессіз стилін көрсеткен ең мықты қатысушыларды анықтау.
Өткен жылғы фестивальдің көрермендері Jungle Cross дисциплинасын ерекше күтіп отыр. Бұл – арнайы дайындалған трассада жылдамдыққа арналған жарыс. Спортшылар жылдамдыққа жарысып, әр заездтың жеңімпазы келесі кезеңге өтеді.
Жоғарыда атап өтілгендей, биылғы маусымның жаңалығы – Kings of the Jungle категориясы. Бұл дисциплинаға шетелдік спортшылар қатысады. Жарыс форматы екі қатысушының қарсыласуы түрінде өтеді: бір спортшы қарсыласына белгілі бір трюкті орындауды ұсынады, ал екіншісі оны қайталауы тиіс. Егер қайталай алмаса, жеңілген қатысушы жарыстан шығады, ал жеңімпаз турнирлік торда алға жылжиды. Осылайша, жарыстың «патшасы» анықталады. Kings of the Jungle дисциплинасы алдағы Gorilla Winter Jungle 8 фестивалінің ең қызықты оқиғаларының бірі болмақ.