Алматы облысы әкімдігі бұрынғы казино ғимаратын 3 млрд 200 млн теңгеге сатып алған

Қонаевтағы Алматы облысы әкімдігі орналасқан бұрынғы казино ғимаратын жергілікті билік 3 млрд 200 млн теңгеге сатып алған. Бұл туралы облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Орталық коммуникациялар қызметінде жылды қорытындылаған брифингте айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі. Портал тілшісі Марат Сұлтанғазиевтен Қонаев қаласындағы Алматы облысы әкімдігі бұрынғы казино ғимаратын әлі жалға алып отыр ма деп сұрады. Өңір басшысы бұл ғимарат толықтай сатып алынғанын айтты. “Мемлекеттік органдар ғимарат бар ма жоқ па, соған қарамастан өз жұмысын атқаруға тиіс. Қонаев қаласына келетін болсақ, әкімдік ол ғимаратты толықтай сатып алды. Құны 3 млрд 200 млн теңге. Аумағы 11 мың кв. метр, яғни 1 кв. м құны 270-275 мың теңге шамасында”, – деп жауап берді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев. 

Әкім ғимаратты толық жөндеуімен, үш түрлі жылу жүйесімен алғанын және мұндай ғимарат үшін бұл жақсы баға екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңадан құрылған Алатау қаласындағы кей мемлекеттік органдар ғимаратты жалға алып отырғанын, ал әкімдік бұрынғы Жетіген ауылының әкімдігі ғимаратында қызмет көрсетіп отырғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек брифинг барысында әкімге арасы 70 км қашықтықты құрайтын 2,5 млн тұрғыны бар Алматы қаласы мен 200 мың тұрғыны бар Қонаев қаласының ортасына Сингапур, Дубай қалаларына ұқсас Алатау қаласын құру қаншалықты қажет болғаны туралы сұрақ қойылды. “Алматының айналасы жылдан жылға өсіп жатыр. Ол жақты қазірден қолға алып, халыққа жағдай жасамасақ, Алматының маңы саяжайларға айналып кету қаупі бар. Бұл идея 14 жылдан бері айтылып келе жатыр. Жоба құрылды. Соған байланысты жұмыстар жасалып жатыр”, – деді әкім. 

ПІКІР ЖАЗУ