Алимент бойынша борышкерлер құмар ойындарынан шектелді
Талдау барысында алимент берешігі бар 326 борышкердің соңғы төрт жылда құмар ойындарға 800 млн теңгеден астам ақша аударғаны анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Атырау облысы прокуратурасының мәліметінше, 45 борышкерге құмар ойын сайттарына кіруге шектеу қойылды. Сондай-ақ 11 қаскөй борышкерге қатысты алимент төлеуден жалтару дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, 14 борышкер әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Әрекетсіздік танытқаны үшін 69 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды және 2 жеке сот орындаушысы қызметін жүзеге асыру лицензиясынан айырылды, – делінген хабарламада.
Борышкерлерді алимент төлеу міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік (ӘҚБтК-нің 669 б.) және қылмыстық (ҚК 139 б.) жауаптылық көзделгенін ескертеміз. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау Атырау облысы прокуратурасының қатаң бақылауында.