Алғабаста спорт кешеннің алғашқы қазығы қағылды.

Бүгін, Бірінші Мамыр ауылдық округі Алғабас елді мекенінде «Алғабас арена» спорт кешенінің алғашқы қазығы қағылды.

Жаңа нысанның іргетасын қалау рәсіміне қатысқан аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, «Шымкентцемент» АҚ бас директоры Збигнев Шишка, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, белгілі спортшы Мәди Нәбиев бой көтеріп жатқан кешеннің салауатты өмір салтына бейімделуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Жасөспірімдер қамы үшін салынып жатқан кешен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Алғабас елді мекенінде «Шымкентцемент» акционерлік қоғамының демеушілігімен жүргізіледі деп жоспарланған болатын. Заманауи талапқа сай дайындалған құрылыс эскизінде нысанда ауыл балаларының баскетбол, волейбол және кіші футбол ойнауына мүмкіндіктер қарастырылған. Спорттық кешен келісім-шарт бойынша 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында аудан әкімдігі мен «Шымкентцемент» акционерлік қоғамы арасындағы үш жақты меморандумға сәйкес, 2025 жылға дейін бірқатар әлеуметтік нысан құрылысын жүргізуі керек болған. Осы жұмыстардың нәтижесінде 10 айда 21 шақырым болатын Ақбастау, Киелітас, Алғабас елді мекендерін түнгі жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды. Сонымен қатар ауыз сумен қамту үшін Киелітас елді мекенінде ұңғыма қазу жұмыстарын бастады.

-Жабық спорт кешені елді мекен тұрғындарына қажетті әлеуметтік нысандардың бірі болып табылады. Тұрғындарды салауатты өмір салтына шақыру, бос уақытын тиімді өткізу бағытында жүзеге асып жатқан жобалар мемлекет тарапынан қолдауға ие. Аталған спорт кешені ел игілігіне еңбек етіп, әлемдік додада өнер көрсететін спортшыларды тәрбиелей берсін. Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін,- деді құттықтау сөзінде мәслихат хатшысы Нұрлан Хамзаұлы.

Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР ЖАЗУ