“Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары” ұғымы алынып тасталуы мүмкін

Қазақстанда бұдан былай “әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары” болмауы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Үкіметте өткен брифингте мәлімдеді.

Айтуынша, «әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының» орнын өндірістік ваучерлер алмастыруы мүмкін.

Журналистер ведомство басшысынан Қазақстанда бағасы реттелетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізімін кеңейту жоспары туралы сұрады.

ӘМАТ тізімін сақтау – белгілі бір деңгейде ескірген тәсіл. Біз қандай да бір тізім жасап, өндірушілерге қандай баға қою керектігін, үстемеақыны қанша белгілеу керектігін көрсетеміз. Сондықтан бүгін Үкімет отырысында да баяндағанымдай, біз Ақкөл, Көкшетау және Павлодар қалаларында пилоттық жобаны іске асырып жатырмыз, – деп атап өтті министр.

Айтуынша, бұл – мақсатты цифрлық әлеуметтік көмек.

АӘК алушыларға азық-түлік ваучерлері беріледі, олар осы ваучер арқылы жыл бойы тауарды жеңілдетілген бағамен сатып ала алады. Біздің мақсат – нарықтық тетіктерді, құралдарды пайдалану. Бұл шынымен де тиімдірек модель. Ол өндірушілерге де, тұтынушыларға да және жалпы процестің барлық қатысушыларына «қатаң реттеу қысымынсыз» жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мұндай тәсілдің тиімділігі, менің ойымша, әлдеқайда жоғары, – деді ол.