Алаяқтар смартфондарға зиянды қосымша орнату арқылы ақша ұрлап жатыр. ІІМ ескерту жасады

Қазақстанда алаяқтар смартфондарға зиянды қосымшалар орнату арқылы азаматтардың деректеріне қашықтан қол жеткізетін жаңа схеманы қолдана бастаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі ескерту жасады.
Қазіргі уақытта Android операциялық жүйесі орнатылған құрылғыларға зиянды бағдарламаларды тарату деректері тіркеліп жатыр. Қаскөйлер фишингтік сілтемелерді мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы жіберу, жалған мобильді қосымшалар ұсыну, фото, бейне немесе құжат түрінде жасырылған файлдар тарату тәсілдерін қолданады. Сондай-ақ мемлекеттік органдар, банктер немесе жеткізу қызметтері атынан хабарламалар жолдап, акция не ұтыс ойындары сылтауымен қосымша орнатуды талап етеді.
Министрлік мәліметінше, мұндай бағдарлама орнатылғаннан кейін алаяқтар құрылғыны қашықтан басқарып, банк шоттарындағы қаражатты ұрлауы, онлайн-несие рәсімдеуі, жеке деректерді таратуы немесе телефонды бұғаттап, ақша талап етуі мүмкін.




